Мемлекет басшысы Ұлы Жеңістің 65 жылдығы құрметіне орай елордадағы «Отан қорғаушылар» монументіне гүл шоғын қойды
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Салтанатты рәсімге Премьер-Министр Кәрім Мәсімов, Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев, Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов, Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков, Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов, сондай-ақ Үкімет мүшелері мен Парламент депутаттары қатысты.
Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, мерекелік шараға Астананың, Алматы және республиканың басқа да аймақтарынан 400-ден астам Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен елорда қонақтары қатысты.
«Отан қорғаушылар» монументіне гүл шоғын қойғаннан соң мерекелік шараға жиналғандар бейбітшілік үшін жанын қиған Қазақстан майдангерлерін бір сәт үнсіздікпен еске алды.
Сонымен қатар монумент алаңында республикалық гвардия мен оның бөлімшелері, Қорғаныс министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, «Жас ұлан» республикалық мектебінің сарбаздары, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында салтанатты марш-парадын орындады.
Салтанатты шеруден кейін Елбасы ел өңірлерінен келген Ұлы Отан соғысы ардагерлерін атаулы мерекемен құттықтады.