Мемлекет басшысының бастамасымен елордада лаңкестікті қаржыландыруға қарсы әрекет ету жөніндегі конференция өтеді
Бұл туралы елордада өткен баспасөз мәслихаты барысында ҚР Сырты істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Әбдірахманов айтты.
« Қыркүйектің 28-30-ы аралығында елордада Мемлекет басшысының бастамасымен лаңкестікті қаржыландыруға қарсы әрекет ету жөніндегі конференция және ядролық лаңкестік актілерімен күрес жөніндегі жаһандық бастаманы жүзеге асыру және бағалау тобының 1-ші отырысы өтеді», деді ресми өкіл.
А.Әдбірахмановтың айтуына қарағанда, аталған алқалы жиынға жаһандық бастамаға қатысушы елдердің 150-ден астам өкілдері, оның ішінде АҚШ пен Ресейден тең төрағалар, бақылаушылар мен халықаралық ұйымдардың лауазымды тұлғалары, ал Қазақстан тарапынан Сыртқы істер, Қаржы министрліктерінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және басқа да ведомстволардың өкілдері қатысады деп жоспарлаған. Конференция Австралиямен бірлесіп ұйымдастырылады. Іс-шара барысында лаңкестікті қаржыландыруға қарсы әрекет ету жөніндегі ұлттық жүйені, аталған үдерістегі заңнамалық органдардың рөлін жетілдіру, сондай-ақ ядролық материалдардың заңсыз таралуының алдын алу үшін ақпарат алмасу мәселелері талқыланатын болады.
«Қуаты бойынша әлемдегі 4-ші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартқан Қазақстан аталған бастаманы ядролық лаңкестіктің алдын алудағы жаңа тиімді қадам ретінде қарастырады. Орыс-американ бастамасына лайықты қолдау көрсету еліміздің халықаралық қауіпсіздікті күшейтуге және лаңкестікпен күресте әлемдік қауымдастықтың ұжымдық күш-жігеріне қосып жүрген нақты үлесі болып табылады», деді А.Әбдірахманов өз сөзінде.