Мемлекет отандық фармацевтика өндірушілерді қолдауға ниет танытып отыр - мемкомиссия отырысы

Бүгінгі күні Қазақстан дәрі-дәрмектермен өзін тек үштен бір бөлігінде ғана қамтамасыз етеді.Саланың міндеттері - өндірісті 2014 жылы 50 пайызға дейін жеткізу. «Біздер өндіретін препараттардың халықтың сұранысына кеңінен ие және ең арзан екендігін естен шығармауымыз керек. Бұлар бас ауруының, салқын тиюдің, жүрек ауруларының препараттары. Олар жаппай шығарылады, әрі арзан, сондықтан ақшалай көріністе біздер небәрі 33 пайыз ғана өнім шығаратын болып отырмыз, - деді «Қазақстан фарммединдустрия» қауымдастығының президенті Серік Сұлтанов. - Қазір біздер бүгінгі күнде басым бөлігін шет елдерден сатып алып отырған шағын көлемдегі және қымбат препараттарды өндіруге арналған инвесторларға бағдарланып отырмыз. Бұлар онкология, туберкулез, диабет ауруына арналған дәрі-дәрмектер».
Фармацевтика өнеркәсібі даму үстінде. Жыл сайын - 2004 жылдан 2007 жыл аралығында - орташа 30-35 пайызға өскені байқалады. «2008 жылы құлдырау болды. Ал биылғы бірінші жартыжылдықта, барлық қиыншылықтарға қарамастан, өндіріс 84 млн. долларды құрады, ол өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 16 пайызға артық», - деді С.Сұлтанов.
Мемлекет отандық фармацевтика өндірушілерін қолдауға ниет танытып отыр. Басымдықтардың қатарында - Астана және Шымкент қалаларында фармацевтика фабрикаларының құрылысы бойынша жобалар, ампула-инфузиондық ерітінділер мен антибиотиктерді шығару бойынша қолданыстағы өндірісті кеңейту, Астанада қан препараттарының өндірісі бойынша зауыт құрылысын салу және пайдалануға енгізу. «Біріншіден, біздер мемлекеттің есебінен 7 жылға арналған ұзақ мерзімді тапсырысты қамтамасыз етеміз, ол инвесторларға сатуға және инвестицияларды жоспарлауға мүмкіндік береді. Екіншіден, бизнесмендер үшін 8-10 пайыздық ставкамен жеңілдетілген ұзақ мерзімді несиелерді беруді қарастыратын боламыз. Үшіншіден, біздер GMP стандарты бойынша жұмыс істей алатын кадрлармен қамтамасыз етілуге тиістіміз. Бұл жерде де мемлекет ресурстары іске қосылатын болады», - деді ҚР Индустрия және сауда министрі Әсет Исекешев.
«Мен бүгін елдің одан әрі жеделдетілген индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы үшін өте маңызды, нақты шешімдер қабылдадық деп ойлаймын», - деді ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов кездесуді қорытындылай отырып.