Мемлекет пайдасына 8,6 млрд. астам теңге өндірілді - БҚО прокуратурасы
БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті жекеменшік құқықтың пайда болуына негіз болып табылатын спирт өндіретін зауыт құрылысын аяқтау және инвестициялық бағдарламаларды орындау шартымен «БМ» ЖШС-ға «Батыс» ААҚ-ға тиесілі мүліктік кешенді 80 млн. теңгеге сатқан. Алайда аталған комитеттен шарт бойынша барлық құқықтар мен міндеттер толық көлемде берілген Батыс Қазақстан облысы қаржы басқармасының тарапынан бақылаудың болмауына байланысты «БМ» ЖШС 6 жыл бойы зауыт құрылысын аяқтау бойынша шарттық міндеттемелерді орындамаған, инвестициялық бағдарлама толық көлемде жүзеге асырылмаған, сондай-ақ осы мүлікті кепілдікке қоя отырып, ЖШС бүгінгі таңда қайтарымсыз қалып отырған 3 млрд. астам теңге мөлшерінде ірі банктік қарыз алған.
БҚО прокуратурасының ұсынысы бойынша облыстық қаржы басқармасымен аталған сатып алу-сату шартын бұзу және шарттың бұзылуына байланысты келтірілген залалдарды «БМ» ЖШС-нен өндіріп алу, сондай-ақ кепіл шарттарын жарамсыз деп тану туралы сотқа талап арыз берілді.
БҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2013 жылғы 28 маусымдағы сырттай шешімімен БҚО қаржы басқармасының шартты бұзу және залалдарды өндіріп алу бөлігіндегі «БМ» ЖШС-не қатысты талап арызы толық көлемде қанағаттандырылды, мемлекет пайдасына 8 млрд. 63 млн. 400 мың теңге өндіріліп алынды.
Сотпен мүлікті кепілге алу шарттарын жарамсыз деп тану бөлігіндегі талаптар да қанағаттандырылды.