«Мемлекет пен кәсіпкерліктің ықпалдастығы - өрелі мақсат» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Ақпанның 27-сі. /ҚазАқпарат/ - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда ақпанның 27-сі, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

***

Кеше Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Кәсіпкерлер кеңесінің мәжілісі болып өтті. Оның күн тәртібінде Индустриялық-инновациялық дамудың бесжылдық жоспарын жүзеге асыру аясында бизнес ортаны одан әрі жақсарту мәселесі қаралды. Осыған орай ел газеті «Егемен Қазақстанда» «Мемлекет пен кәсіпкерліктің ықпалдастығы - өрелі мақсат» деген тақырыппен көлемді мақала жарияланды. Басылымның жазуынша, осыдан бір ай бұрын жарияланған Стратегиялық жоспар-2020 бағдарламасында көтерілген негізгі мәселе елімізді индустриялық-инновациялық дамыту болғанын айтқан Елбасы кеңес мәжілісіне жиналған еліміздің бизнес өкілдеріне өткен кезеңдерден алатын үш тәлімді атап көрсетті. «Біріншіден, деді Елбасы, қалтаға қарап, қарапайым өмір сүру керек. Сіздер өздеріңізді жердің кіндігіндей сезініп, «Ланкрузерлермен" жүріп, он адам күзетші ерткен жылдардағыдай болмауы керек. Тіпті мол қаржы болғанның өзінде қарапайым халық үшін көзге шыққан сүйелдей болудың не қажеті бар? Екінші тәлім, барлық нәрседен үнемдеу қажет, жақсы уақыттарда қиын кезеңдерге дайындалған жөн. Үшінші тәлім - несиелерді уақытында қайтару керек. Алған қарызды бәрібір қайтару қажеттігі туатындығын түсінген жөн. Міне, үш тәлімнің түйінді тұжырымы осындай», деді Елбасы өз сөзінде.

Осы кеңесті нысанаға алған «Айқын» газеті «Барлық екпін, бар жұмыс енді аймақтарға көшеді» деген тақырыппен мақала басты. Басылымның жазуынша, алдымен баяндама жасаған Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов мемлекеттің қаржысы тек қана белгіленген мақсатта және тиімді пайдалануы тиіс екендігін баса айта келіп, «Тек Елбасының биылғы Жолдауынан туындайтын міндеттердің іске асуына қызмет ететін, тиімді кәсіпорындарды ғана қолдаймыз!», деп шарт түйген.

Сонымен қатар «Алаш айнасы», «Литер», «Экспресс-К» басылымдарынан да кеңес барысы арқау болған толыққанды мақалалармен таныс бола аласыздар.

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин Францияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Жан-Шарлем Бертонэмен кездесті. Кездесу барысында тараптар Қазақстан Республикасының Президенті, "Нұр Отан" партиясының көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен Франция президенті Николя Саркозидің арқасында екі ел арасында тығыз іскерлік байланыс орнағанын атап өтті. Сондай-ақ, екі ел мүддесіне қатысты ынтымақтастықтың алдағы уақыттағы бағыттарын талқылады. Сөз орайында Жан-Шарль Бертонэ мырза Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ете бастауымен құттықтады.

«Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік санында Қазақстан Республикасының Польша Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Алексей Волковтың «Қазақстан- Польша: ескі таныстықтан - жаңа ықпалдастыққа» деген тақырыппен көлемді мақаласы басылды. «Қазақ-поляк экономика саласындағы қатынастарының негізін үш маңызды үкіметаралық келісім құрайды: Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі келісім, Инвестицияларды тарту мен өзара қорғау жөніндегі келісім, Қосарланған салық салуды болдырмау және табыс пен капиталға салынатын салықтарға қатысты салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенция. Ынтымақтастықты дамытуға экономиканың жекелеген салаларындағы әрекеттерге бағытталған бірқатар басқа да құжаттар оң ықпал етіп отыр», деп жазады мақала авторы. Елші мақаласының толық нұсқасын басылымның бүгінгі санынан оқи аласыздар.

***

ҚР Білім және ғылым министрлігі Орта білім беру департаментінің мәліметінше, елімізде 311 мектеп ғимараты апатты жағдайда екен. Орташа есеппен олардың әрқайсысында 500-дей бала білім алып жатыр десек, онда 155 мыңнан астам оқушының өміріне қауіп төніп тұр. Білім беру саласының жыл сайынғы есептерінің көлеңкесінде жасырынып келе жатқан осы тәрізді тағы бір мәселе - төрт ауысыммен оқытатын мектептер жайы. Мұндай білім ордасы оқушыларынан қандай сапаны талап етуге болады? «Алаш айнасы» газетінің сенбілік нөмірінде осы мәселе көтерілген «Төрт ауысымда оқытатын қазақ мектептеріне сапаны қалай талап етеміз?» деген тақырыппен берілді.

Қазіргі таңда елімізде әдебиетке деген қамқорлық пен махаббат жоғалып барады. Руханияттың өркендеуіне жеткілікті қолдау көрсетілмеуі идеологиялық дағдарысқа соқтырып жатады. Сондай-ақ зиялы саналатын кейбір тұлғаларымыздың қарақан басының қамымен кейбір ұлтқа жаны ашымайтын топтардың мүддесін қорғауы жиі көрініс бере бастады. Әдебиеттану, сөз өнерінің сыны мен қазіргі дамуы жөніндегі көзқарастарымен бөліскен ақын, Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Ғалым Жайлыбай осылай дейді. «Әдебиет ешқашан біреудің талап қойып, тапсырма беруімен жасалмайды» деген тақырыппен берілген сұхбаттың толық нұсқасын «Алаш айнасы» газетінен оқи аласыздар.

«Алаш айнасы» газетінің жазуынша, түрік музыкасын әлемге танымал еткен, әлем халқының түрік әуеніне деген жаппай қызығушылығының оянуына себепкер болған жезтаңдай Таркан қылмысты болыпты. Оны полиция есірткіге қарсы жүргізілген арнайы шара кезінде серіктерімен бірге Ыстамбұлдағы түнгі клубтардың бірінен ұстаған. Бірақ тәртіп сақшылары тұтқындаудың нақты себебін жария еткен жоқ. Дүниежүзінің ең табысты әншілері санатындағы Таркан бұрын-соңды қылмыс әлемі мен түрлі дау-жанжалдарға қатысы жоқ жұлдыз саналатын.

***

«Жаңаөзен қаласындағы «Жиһаз» сауда үйінде жарылыс болды. Үйіндінің астында қалған екі адам құтқарылып, ауруханаға жеткізілді. Қазір осыған байланысты арнайы комиссия құрылып, тиісті органдар оқиғаның салдарын тексеріп жатыр», деп жазады «Айқын» газеті. Басылымның жазуынша, жарылыс таңертеңгі сағат он жарым шамасында орын алған. Оқиғаның егжей-тегжейін газеттің бүгінгі санында жарық көрген «Жаңаөзенде жарылыс болды» деген мақаладан оқи аласыздар.

«Айқын» газетінің дәстүрлі «Ақ сөйле!» айдарының бүгінгі қонағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры, ҚР Инженерлік академиясының академигі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан Темірбеков. «Елдің ең жетекші оқу орны жаңа Қазақстан үшін жұмыс істейді» деген тақырыппен жарияланған екеуара әңгіменің толық нұсқасын оқығыңыз келсе басылымның бүгінгі санына назар аударыңыз.

***

«Кеше әкімдікте Астана қаласының әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссияның отырысы өтті. Оған қала әкімінің орынбасары Аида Балаева мен аймақтық, жергілікті атқарушы органдардың, кәсіподақ ұйымдарының, жұмыс берушілердің өкілдері қатысты», деп жазады «Астана ақшамы» газеті. Жарық көрген мақаланың толық нұсқасын оқығыңыз келсе, басылымның сенбілік нөміріндегі «Үшжақты әріптестік үйлесімі» деген мақалаға назар салыңыз.

Бүгінгі таңда әлемде 50-ге жуық әйел дирижер бар екен. Олардың арасында нәзік жандылардың маңдайына сирек бітетін бұл мамандықты игерген қазақ қыздары да бар. Солардың бірі Бақытжан Мұсақожаева «Астана ақшамы» газетінің сауалдарына тұщымды жауап берген. «Дирижерлікті мен емес, дирижерлік мені іздеп тапты» деген тақырыппен басылған екеуара әңгіме басылымның айқара бетінде жарияланды.

***

«Шығыс Қазақстан облысының шаруа қожалықтарында үй жануарлары аштықтан көптеп қырылып жатыр. Мәселен, Абыралы ауылдық округінде қыстаудағы мал басының 50 пайызға жуығы өліп қалған», деп жазады «Экспресс-К» газеті.

Басылымның атап өтуінше, қала халқын қазіргі уақытта ет өнімінің бағасы толғандырып отырғанға ұқсайды. Қазірдің өзінде базардағы қой етінің бағасы 150-200 теңгеге қымбаттап, келісі 600-650 теңгеге жеткен. Дәл осындай жағдай Моңғолияда да орын алып отыр. Ресми деректерге сәйкес аталған елде қазірдің өзінде 1,5 миллионға жуық бас мал өлген.

«Нұр Отан» ХДП қоғамдық қабылдауына түсіп жатқан азаматтардың өтініштеріне сәйкес, мемлекеттік органдардың жұмысын ерекше бақылауға алмақ. Бұл туралы кеше партияның Орталық аппаратында өткен жұмыс жиынында «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин мәлім етті.

Аталған жұмыс жиын жайындағы материалдарды «Литер», «Айқын», «Егемен Қазақстан» газеттерінен де оқи аласыздар.

Соңғы жаңалықтар