Мемлекет және қоғам қайраткері Мұстақым Ықсановтың бюсті ашылды - Қызылорда

Оған облыс әкімі Қ.Көшербаев және М.Ықсановтың қызы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлнәр Ықсанова және әріптестерімен, жерлестері қатысты.
Мұстақым Ықсанов Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданында дүниеге келген. Қазақ ауыл шаруашылық институтын бітіріп, еңбек жолын қатардағы қызметкерден бастайды. Әр жылдары біліктілігі мен білімділігінің, ұйымдастырушылық шеберлігінің арқасында аудандық партия комитеттерін басқарды. 1960 жылдары алмағайып уақытта Қызылорда облысына басшы болды.
Шараның ашылу салтанатында Батыс Қазақстаннан келген әріптестері мен шәкірттері М.Ықсановтың адамгершілік қасиетін сөз етті. Мұнан соң оқу ғимаратында орналасқан М.Ықсановтың мұражайымен танысты.
Ал М.Ықсановтың өмірі мен еңбек жолына арналған танымдық конференцияда тау тұлғаның қызметтік жолы турасында пікірлер айтылды.
Ол Сыр өңірін басқарған тұста қордаланған мәселелердің шешімін табуына ұйытқы болды. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласының өркендеуіне мүмкіндік жасады. «Дала академигі» Ы.Жақаев осы жылдар ішінде күріштен рекордтық өнім алып, аты әлемге танылды. М.Ықсанов биліктің өзге салаларында жемісті еңбек етіп, Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталды.