Мемлекеттік бағдарлама көмегімен оралдық кәсіпорын өз өнімдерін шетке шығармақ

ОРАЛ. 13 қараша. ҚазАқпарат - Оралдық «KAZKON» компаниясы «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасының көмегімен жаңа «Кондитер өндірісі» жобасын қолға алды.
None
None

Сөйтіп бұрын құрылыс материалдарын сатуда, «Гризли» шемекісін өткізуде делдалдық қызмет көрсетіп келген компания тамақ өндірісіне бет бұрды. Компания 40 шақты адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Кәсіпкер Марат Қаженовтың ай­туынша, өндірісті әртараптандыру алдында облыс нарығына жан-жақты сараптама жасалған. Сондағы талдау қорытындысы нарықта импорттық кондитерлік өнімдердің басымдығын көрсетті. Шетелден құрал-жабдық сатып алған кәсіпорын мамандарды жұмысқа тартты. Орал қаласындағы жоғары оқу орындарында даярланған технолог мамандардың бір шоғыры жұмысқа қабылданды.

Мемлекеттің көмек-қолдауымен өнім шығару ісін жолға қойған кәсіпорын бү­гін­де «Даму-өндіріс» бағдарламасы бойын­ша аймақтық үйлестіру кеңесінің іріктеуінен өтті. Жаңа бағдарлама бойынша не­­сие 8 пайызбен беріліп, оның 7 пайызын мем­лекет өтейді, ал компанияның мойнында
1 пайызы ғана қалады. Оның айтуынша, облыс нарығында ұннан жа­салған кондитерлік өнімдер мол болғанымен, өнім өткізуде қиындық туындап отырған жоқ. Өйткені тұтынушы өзі байқап көрген, өзіне ұнаған тауарын алады. Кәсіпорынның сапалы өнімі қолайлы бағамен ұсынылған күнде облыс нарығындағы жұмыс істеп жатқан әрі өз ісінен пайда тауып жүрген дистрибьютерлік компаниялар жаңа өнімдерді өткізуге құлшына қоймайды. Сондықтан «KAZKON» өз өнімдерін өткізетін дис­трибьютерлік компаниялар құруға кірісті. Ондай құрылымдардың құрылуы жаңа жұмыс орындарының ашылатындығы­мен қуантады. Шетелдердің және на­рық­та табыстың көрігін қыздырып жүрген отандық компаниялардың қалай жұмыстанатынынан хабардар оралдық компания өнім тасымалын ұйымдастыратын автошаруашылық, өнімді сату және маркетинг бөлімдерін құрды.

Кондитерлік күлшелердің 15 түрін шығаратын жас кәсіпорынға өзге облыстардан да аз-мұз тапсырыстар түсуде. Өндіріс орнында сырт көзге бәрі керемет көрінгенмен, тұрмыстық түйінді түйткілдер де кездесіп жатады. Құрал-жабдық сынады, қосалқы бөлшектер сырттан тасымалданады. Мамандардың білім-білігін жетілдіріп отыру қажет. Есеп-қисап, өн­діріс циклін бақылау жағынан тәжірибе аздау. Сондықтан компания сырттан мамандар тартуға мәжбүр. Өндірістегі электр желісі өндірістік жүктемені көтермей, жиі істен шығады. Сондықтан компания мемлекеттен электр желісін жаңадан тартуға көмек сұрап отыр. «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша бұл мүмкін болмақ.

Кәсіпкер Марат Қаженов кез келген өндірісте кадрлар мықты болуы тиіс деп санайды. Өйткені бүгінгі технология жылдам өзгереді. Уақыттың көшінен қалмас үшін түрлі елдерде өтетін өндірісшілердің көрмелеріне қатысудың тигізер пайдасы көп. Биылғы көктемде компания 14-ші рет Қазақстанның бүкілхалықтық Inter Food - 2012 көрмесіне қатысып, алтын медаль алды. Бәсекелестікке қабілетті болу үшін жаңа инновацияларды өндіріске шапшаң енгізу керек. Сондықтан ол мамандар даярлау, олардың біліктілігін көтеру ісіне мол қаржы жұмсаудың қайтарымы болады деп санайды. Қазір өндіріс ошағында сырттан келген білікті мамандар компанияның жастарына қысқа оқу курстарын өткізуде.

- Біздің өңірде кондитерлік өнімдер өндіретін кәсіпорындар баршылық. Мұның жақсы жағы бар. Бәсекелестік әр компанияның күші мен қаржысын жарнамаға, маркетингке салуға итермелейді. Содан маркетинг саласының мамандары қалыптасады. Маркетинг өнімді өткізуде көп рөл атқарады. Облыс нарығында жақсы мағынасында өзді-өзі «бақталасып» тәжірибе жинақтаймыз, ал шетелдік компаниялар нарыққа көбірек енген кезде олармен бәсекелесу оңайға түседі. Сондықтан өнім бағасы қалыпты болады. Қазір Кедендік одақ шеңберінде сырттан өнімдер ағылуда. Өз кезегінде біздің елдің де өнім өткізу нарығы ұлғайды. Келешекте осы нарықтарға шы­ғып, өнім өткізуі үшін мемлекет тарапынан көптеген көмек-қолдау көрсетілуде, - дейді кондитерлік фабриканың басшысы М.Қаженов.

Компания өз өнімдерін болашақта экспортқа шығаруды жоспарлап отыр.

Соңғы жаңалықтар