18:50, 29 Мамыр 2009 | GMT +5
Мемлекеттік Даму бағдарламасы кәсіпкерлерге үлкен демеу болды - «Жетісу-Агро» компаниясының директоры
АЛМАТЫ. Мамырдың 29-ы. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Бүгін Мемлекеттік Даму бағдарламасы бойынша берілген қаражатты игерудің аяқталуына байланысты «ЦентрКредит Банкі» БАҚ өкілдерін Алматы облысындағы Шеңгелді кентінде орналасқан «Жетісу-Агро» компаниясы шаруашылығының тыныс-тіршілігімен таныстырды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мемлекеттік бағдарлама бойынша 30 миллион теңге несие алған компания пияз өсірумен айналысады. Жыл сайын 11 мың тоннадан астам өнім өндіріп, іске асырады және өндіріс көлемі бойынша Алматы облысындағы жетекші шаруашылықтардың бірі болып табылады. Сондай-ақ пиязбен қатар компания 200 гектар алқапқа соя, 200 гектарға арпа және 50 гектарға картоп өсіреді.
«Мемлекеттік бағдарлама бойынша алған несиеге екі жаңбырлатқыш қондырғы сатып алдық, олардың әрқайсысы 15 миллион теңге тұрады. Бір жаңбырлатқыш қондырғы 50 гектар жерді суарады. Мұндай техника суды үнемдейді әрі өндіріс шығынын анағұрлым азайтады. Өйткені суару құралдары айтарлықтай дәрежеде автоматтандырылады», - дейді компанияның бас директоры Алмат Баймырзаев. Оның айтуынша мемлекеттік бағдарлама Алматы облысындағы көптеген шаруашылықтарға демеу болып отыр.