Мемлекеттік қызмет істері агенттігі АҚШ персоналды басқару кеңсесімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Бүгін Астанада Мемлекеттік қызмет саласындағы Өңірлік хабтың құрылтай конференциясында сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Бәйменов осылай мәлім етті.
Агенттік төрағасының айтуныша, осыдан бір жыл бұрын Астанада Мемлекеттік қызмет саласында Өңірлік хаб құру туралы тың бастама көтерілген еді. «Содан бері бірқатар бағытта жұмыстар өрбіп, шет мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен екіжақты кездесулер өткіздік. Кейбір елдермен ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Олардың кеше ғана қойылған, сиясы кеппегені АҚШ персоналды басқару кеңсесімен ынтымақтастық туралы меморандум болып табылады. Біздің барлық серіктестеріміз бұл идеяны құптады», - деді Ә. Бәйменов.
Сонымен атар, төраға сөз арасында Астанада Өңірлік хаб құру бастамасына ықылас танытқаны үшін құрылтай конференциясына қатысушыларға алғысын айтты.
Тоқтала кететін жайт, кеше Астанада Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Байменов Түркия Республикасы Мемлекеттік қызмет персоналы жөніндегі директораттың төрағасы
М. Кумбузоғлымен кездесуі барысында екі ведомство арасындағы 2013-2014 жылдарға арналған қарым-қатынастар туралы меморандумды іске асыру шеңберінде ынтымақтастық жөніндегі Жұмыс жоспарына қол қойған болатын.