10:32, 26 Мамыр 2009 | GMT +5
"Мемлекеттік қызмет және мемлекеттік тіл" байқауы мәресіне жетті
ҚЫЗЫЛОРДА. Мамырдың 26-сы. ҚазАқпарат /Руслан Игілік/ – Кеше облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма "Мемлекеттік қызмет және мемлекеттік тіл" тақырыбында байқау өткізді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Байқауға облыстағы бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелерде қызмет істейтін мемлекеттік қызметшілерден құралған он екі команда қатысты. Игі шараның мақсаты ? мемлекеттік тілдің мәртебесін асқақтатып, тіл саясатын одан әрі жетілдіру мен шешендік сөз өнерін дамыту болып табылады. Байқауды облыс әкімінің орынбасары Мұрат Мұхамедов ашып, мемлекеттік тілдің маңыздылығына тоқталды. Тіл туралы заң қабылданған он жыл ішіндегі жеткен жетістіктеріміз бен кемшін тұстарымызды атады. Сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.Мемлекеттік қызметшілер арасындағы байқау тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Қатысушылар алты тапсырма бойынша сынға түсті. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті ұстаздарынан құралған әділқазылар алқасы байқауға төрелік жасады. Тартысты өткен сайыс соңында жеңімпаздар облыстық Тілдерді дамыту басқармасының дипломдарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.