Мемлекеттік қызметтен қысқартылған жалғызбасты ана сот арқылы жұмысына қайта орналасты

Облыстық соттың баспасөз қызметінен хабарлағанындай, Жәнібек аудандық экономика және қаржы бөлімінің экономикалық саясат және коммуналдық меншікті қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі жетекші маман лауазымын атқарып отырған, тәрбиесінде бес жасар ұлы бар жалғызбасты келіншек штаттың қысқартылуына байланысты жұмыссыз қалған.
Өз құқығын қорғау мақсатында ол «Жәнібек аудандық экономика және қаржы бөлімі» мемлекеттік мекемесінен жұмыстан қысқартылуы туралы бұйрықты заңсыз деп танып, бұрынғы қызметіне қайта орналастыруды және бос жүруге мәжбүр болған уақытқа орташа еңбек ақыны өндіру туралы сотқа талап арыз берген.
Сот отырысында «Жәнібек аудандық экономика және қаржы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің бастығы талап арызды ішінара мойындап, М-ны атқарып жүрген лауазымынан босатқан себебін Жәнібек ауданы әкімдігінің жетекші маман штаты қысқартылу тиіс деген қаулыны орындау мақсатында еңбек шартының бұзылғандығымен, сонымен қатар, Еңбек туралы Кодексте жалғызбасты аналарға кімдер жатқызылатыны көрсетілмегендіктен, ажырасқан, яғни бұрын некеде тұрған әйелдер жалғызбасты аналарға жатпайды деп санауымен түсіндірген.
Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 185-бабының 1-тармағына сәйкес, жүкті әйелдермен, үш жасқа дейінгі балалары бар әйелдермен, он төрт жасқа дейінгі баланы (он сегіз жасқа дейінгі мүгедек баланы) тәрбиелеп отырған жалғызбасты аналармен, аталған балалар санатын анасыз тәрбиелеп отырған өзге де тұлғалармен еңбек шартын жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзуға Еңбек кодексінің 54-бабы 1-тармағының 1), 3)-18) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда жол берілмейді.
Сот айтылған жағдайларды зерделей келіп, «Жәнібек аудандық экономика және қаржы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің уәжін дәйексіз деп санап, М-ны лауазымынан босату туралы бұйрықты заңсыз деп танып, бұрынғы қызметіне қайта орналастыру және бос жүруге мәжбүр болған уақытқа орташа еңбекақы өндіру туралы талап арызын толықтай қанағаттандыруға шешім етті.