Мемлекеттік лауазымдарға кадр таңдау мәселесінде партияның рөлін күшейту қажет - Б.Сағынтаев

Аталмыш шара online режимінде Алматы, Ақтөбе және Семей қаласындағы партиялық мектеп бөлімшелерінде көрсетілді. Партиялық ұйымдардың төрағаларына арналған семинарды «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев ашты.
«Мемлекет басшысы біздің алдымызда еліміздің кадр саясатын құру бойынша бірқатар маңызды тапсырмалар берді. Аудандық, облыстық деңгейдегі департамент басшыларынан бастап, министрлерге дейінгі жауапты мемлекеттік лауазымдарға кадр таңдау мәселесінде партияның рөлін күшейтуіміз қажет. Мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны, біздің Көшбасшымыздың қойған зор міндеттері - партиялық менеджерлерден үздіксіз ізденісті, кәсіби біліктілігін арттыруды талап етеді», - деді Б.Сағынтаев.
Семинардың дәріскері ретінде ҚР Парламент сенатының депутаты Анатолий Башмаков, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетов, ҚР Білім және ғылым вице-министрі Махметғали Сарыбеков сөз сөйледі.
Оnline режимдегі дәрістер семинар қатысушыларына өңірлердегі партия қызметі бойынша маңызды мәселелерді талқылауға мүмкіндік бермек. Оnline режимдегі оқудан барлығы 120 адам өтеді деп жоспарланған. Семинар 10-12 қазан аралығында өтеді.