Мемлекеттік органдар әлі де болса тауарлық биржаның мәнін түсінбей келеді - «Қазақстан» халықаралық тауарлық биржа» АҚ президенті

АСТАНА. 4 мамыр. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Мемлекеттік органдар әлі де болса тауарлық биржаның мәнін түсінбей келеді.
None
None

Соның салдарынан отандық биржа нарығының дамуы тежелуде. Бүгін бұл туралы Астанада «ЕурАзЭҚ мемлекеттеріндегі тауарлық биржалардың дамуы» атты халықаралық конференцияда «Қазақстан» халықаралық тауарлық биржа» АҚ-ның президенті Елнар Надырғалиев айтты.

Е. Надырғалиевтің атап көрсеткеніндей, Қазақстанда 5 тауарлық биржа бар. Дегенмен олардың нарығындағы айналымның қаржылық көлемі Бірыңғай экономикалық кеңістікке кіретін Беларусь пен Ресей елдерінің биржалық компанияларындағы көрсеткіштен әлдеқайда төмен. Мәселен, «Қазақстан» халықаралық тауарлық биржасында жасалатын келісімдердің деңгейі Беларустың әмбебап тауарлық биржасы немесе Мәскеу қор биржасы активтерінің 5 пайыздық деңгейіне ғана тең келеді.

«Біздің елде биржа тауарларының тізімдері көп уақытқа дейін қабылданбай, соның кесірінен тауарлық биржа нарығының дамуы ұзақ уақыт бойы тежеліп келді. Жақында ол тізім бекітілді. Екіншіден кейбір біздің мемлекеттік органдар тарапынан әлі де болса тауарлық биржаның мәнін түсінбеу аспектісі бар. Тауарлық биржа заңнамасын жасақтау барысында әр орган түрліше түсінік береді. Бұл Қазақстанның тауарлық биржасының дамуына кері әсерін тигізуде»,-дейді ол.

Конференция жұмысына Беларустың әмбебап тауарлық биржасының, Мәскеу қор биржасының, Украинадағы Бірінші ұлттық тауарлық биржаның, Қазақстан қор биржасының, Қазақстанның, ЕурАзЭҚ елдерінің биржа одақтарының басшылары, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ, министрлік өкілдері қатысуда.

Шараның басты мақсаты - тауарлық биржа саласында өзекті мәселелерді, олардың ел экономикасының дамуына берер үлесін талқылау, сонымен қатар халықаралық тәжірибені, ұлттық заңнаманы, ЕурАзЭҚ елдерінің тауарлық биржаларының экономикалық әріптестіктерін талдау.

Естеріңізге сала кетейік, дәл осы күні, 4 мамырда Елбасы тауарлық биржалардың қызмет үдерісі мен биржалық сауда-саттықты жүзеге асыру барысында туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейтін «Тауар биржалары туралы» Заңға қол қойған болатын.

Соңғы жаңалықтар