12:59, 29 Мамыр 2009 | GMT +5
Мемлекеттік шекараны бұзушыларды ұстау кезінде қазақстандық шекарашылар қару қолдануға мәжбүр болды
АСТАНА. Мамырдың 29-ы. ҚазАқпарат - Өскемен шекара отряды «Шемонаиха» заставасының шекарашылар наряды мамырдың 28-і күні көлікпен Қазақстан шекарасын өткізу бекетінен тыс жерден кесіп өткен Ресей Федерациясының төрт азаматын ұстады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Шекара нарядының «тоқта» деген талабын құлаққа ілмеген көлік жүргізушісі бұрылып алып, Ресей жаққа қайта өтіп кетуге ниеттенген, онымен қоймай жүргізуші жолдарын кес-кестеген шекарашыларды қағып өте шығуға әрекет жасаған. Осыдан кейін шекара нарядының жетекшісі табельдік қарудан екі рет оқ атып, көлік құралын тоқтауға мәжбүрледі. Ұсталған Ресей азаматтары шекара нарядына қарсылық көрсеткен, қолға түскен соң олардың барлығының мас екендіктері анықталды. Ұсталған Ресей азаматтары қазір шекара заставасында отыр, бұл факті бойынша тексеру жүргізілуде. Қару қолдану барысында ешкім зардап шеккен жоқ.