Мемлекеттік шекараның межеленбеуі заңсыз миграция мен контрабанды деңгейіне әсер етуде

Құқық қорғау органдары үйлестіру кеңесінің мүшелері бүгін облыс прокуратурасында өткен мәжілісте осы проблеманы талқылады.
Облыстық прокуратураның мәліметтері бойынша, Ақтөбе облысының қылмыстық із кесуші барлық органдары 2008 жылы контрабанды мақсатында шекараны заңсыз кесіп өтудің 30 қылмысын тіркесе, ағымдағы жылдың 9 айында - 27 факті тіркеп отыр.
Ақтөбе мен Орынбор облыстарының арасындағы мемлекеттік шекараны межелеу үдерісі аяқталды. Бірақ, қаржыландырудың жоқтығынан шекараны нақты белгілеу, контрабандалар тасымалдау жолына инженерлік-тосқауыл құрылыстарын салу мәселелері шешімін таппай отыр. Кей жерлерде мемлекеттік шекараны байқамай қалуға болады, сондықтан да заң бұзушыларды жауапқа тартуға қиындықтар туып жатады.
«№2030 әскери бөлімнің Майтөбе шекара заставасын тексерудің нәтижесінде, тексерілген учаскелерде шекара күзетін қамтамасыз ету және мемлекеттің экономикалық мүддесін қорғау жөніндегі жұмыстардың толымды нәтижелері жоқ екені анықталды», - деді әскери прокурордың көмекшісі Әнуар Раджапов.
Оның айтуынша, Көктөбе ауылының төңірегіндегі елді мекендерде контрабандашылардың өзіндік бекеттері бар, оңтүстіктен және Қытайдан тасымалданатын тауарлар осы жерлерде көліктерге тиеліп, контрабандалық әдіспен Ресейге заңсыз жөнелтіледі екен
Үйлестіру кеңесінің мүшелері, шекараны күзетуге жұмылдырылған уәкілетті мемлекеттік органдардың штат толымсыздығының да контрабанда деңгейіне әсер етіп отырғанын атап көрсетті.