Мемлекеттік тапсырыс контенттерінің 70% қазақ тілінде болады – заң жобасы

АСТАНА. ҚазАқпарат – Ендігі уақытта мемлекеттік тапсырыс аясында жарияланатын контенттердің 70 пайызы тек қазақ тілінде болады. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Қанат Ысқақов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«Мемлекеттік тапсырыс, грантқа қатысты біраз сын айтылады. Жаңа заң жобасында мемлекеттік тапсырыс беруде ашықтықты кеңейте түсу көзделген. Мемлекеттік грант берілген кезде, оның нақты нәтижесі мен мерзімі көрсетіледі. Сонымен қатар БАҚ берілген гранттардың оқырмандарға қандай пайдасы бары ескеріледі. Сондай-ақ, заң аясында мемлекеттік тілдің рөлін арттыра түсу де міндеті қарастырылды. Ендігі уақытта мемлекеттік тапсырыс аясында жасалатын контенттердің 70%-ы қазақ тілінде болады», - деді Қанат Ысқақов «Масс-медиа» туралы заң жобасын талқылау барысында Мәжіліс депутаттарының сауалына жауап бере тұрып.

Оның айтуынша, бүгінгі мемлекеттік тапсырыста белгіленген норма жоқ.

«Қазір мемлекеттік тілдегі контенттер өте маңызды және тұтынушылар үшін қажет. Қазақ тіліндегі контенттердің бәсекелігі жоғары», - дейді ол.

Айта кетейік, бүгін Мәжілісте «Масс-медиа» туралы заң жобасы талқыланды. Оның барысында белгілі болғандай, отандық БАҚ саласында баспасөз картасы жүйесі енгізілмек.

Сондай-ақ, биыл елімізде журналистердің құқығы мен бостандығы туралы ұлттық баяндама әзірленеді.

Жиын барысында БАҚ және тілшілерді сотқа беру мерзімі 3 жылға дейін қысқартылатыны айтылды.

Одан бөлек, Мәжіліс депутаты БАҚ өкілдеріне мәртебе беріп, тұрғын мәселесін шешу туралы ойын ортаға салды.


Соңғы жаңалықтар