Мемлекеттік тіл қазақ тілі деп арнайы заң шығарылып, қол қойылғаннан кейін ол заң міндетті түрде орындалуы керек - Н.Назарбаев

Бұл мемлекеттің де халықтың да құзырындағы мәселе. Бұл туралы бүгін «Арна-медиа» холдингінің құрамына кіретін ақпарат құралдарының басшыларына берген сұхбатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Президент өзінің сөзіне 1991 жылы еліміз тәуелсіздігін жариялаған кезде Қазақстандағы қазақтардың үлесі 42 пайыз болғанын айтты. «Біз тәуелсіздігімізді айқай-шусыз, дау-жанжалсыз, соғыссыз алдық. Егер сендер тәуелсіз ел болып отырып, өздерің неге азсыңдар, деген сауал туындаса біз не дер едік. Ол кезде бізге жан-жақтан көз алартып отырғандар аз емес болатын. Ал қазір біздің үлесіміз 65 пайыз болды. Бұл үлкен табыс. Тәуелсіздік жылдарында шет мемлекеттерде жүрген 1 миллион қазақ отандарына оралды және олардың барлығын да мемлекет қолдады», деді Елбасы.
Мемлекет басшысының айтуынша, елдегі қазақ мектептерінде тәуелсіздік алғанға дейін 22 пайыз ғана қазақ балалары оқитын. Қазір олардың саны 62 пайызға жетіп, үш есеге артты. Яғни 84 пайыз қазақтың баласы қазақ мектептеріне барады. 7 мың 500 мектептің 4 мыңы қазақ тілінде білім береді. Мұндай жағдай бұрын-соңды болмаған. Соңғы 16 жылда елімізде 880 қазақ мектебі ашылды. Өзге ұлттардың 25 мың баласы қазақ мектебінде білім алуда. Оның үстіне елімізде қазақ тілін оқытатын 64 орталық бар. Келер жылы олардың саны 120-ға жетеді. «Соңғы санақта халықтың 65 пайызы қазақ тілін білетіндерін айтқан. Ал 57 пайызы қазақша оқитындықтарын да жеткізген. Меніңше, қазақша оқимын дейтіндер таза қазақ тілінде сөйлейтіндер», деді Президент.