Мемлекеттің негізі - ол әйелдер ұстап отырған отбасымыз, өз ошағымыз - Н.Назарбаев

ҚР Президентінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан әйелдерін алда келе жатқан 8 наурыз мерекесімен құттықтады.
Мемлекет басшысы бұл мереке жүз жылдан астам уақыттан бері әлемнің 80 елінде мерекеленетінін атап өтті.
- Бұл - көктем шуағымен бірге келетін ең шуақты мереке. Ұзаққа созылған қыс мезгілінен кейін де бұл мейрам өзінің әдемілігі мен нәзіктігін жоғалпақ емес, себебі, сіздер, әйелдер, біздің өміріміздің гүлі саналасыздар. Мен өткен жылы әйелдер құрылтайында алда тұрған міндеттер туралы айтқанмын. Әйелдер бүгінде барлық салада жұмыс істеп жатыр. Біз қол жеткізген жеңістерге қосқан үлесі мен ерлік істері зор, - деп атап өтті Президент.
Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде денсаулық сақтау мен білім салаларындағы қызметкерлердің 90 пайызын әйелдер құрайтынын атап өтті. Ал кредиттердің 40 пайызы әйел кәсіпкерлерге бөлінуде. Үкімет құрамында үш әйел министр қызмет атқарады. Сондай-ақ Парламент Мәжілісінің 22 пайызы әйелдер болып саналады. Бұл тіпті Еуропалық одақ өлшемдері бойынша да жоғары көрсеткіш.
Біз сіздерге баса назар аударамыз. Менің өмірлік тәжірибем көрсеткендей, ерлердің орнына әйелдерді қойғанда, олар әрдайым тәртіп орнатып, өз істеріне сенімділіктері мен берілгендіктерін көрсетеді. Ер азаматтар ренжімесін, бұл шындық жәйт. Әрбір басшы азамат мұны мойындауы қажет, себебі әйелдер табиғатынан қай іске де өте жауапты болып келеді. Сіздер тек отбасылық берекені сақтап отырған жоқсыздар. Осы жылдардың ішінде Қазақстан әйелдері тыныштықтың орнауына атсалысып, төзімділік сақтап, өз жұмыстарын да атқарып келді. Біздің жасап жатқан істеріміз де әйелдерге қамқорлық көрсету болып табылады, - деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Президент бюджеттік мекемелердің қызметкерлерінің, соның ішінде мұғалімдер мен дәрігерлердің еңбекақысы үш жыл ішінде екі рет өскенін атап көрсетті. Президенттің биылғы Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес жұмыспен қамту бағдарламасы жүзеге асырылуда, оның отбасы мен әйелдерге қатысы бар. Сондай-ақ «Қолжетімді тұрғын үй» бағдарламасы - әйелдердің әл-ауқаты мен тыныштығы үшін қолға алынған.
- Бәрі де салыстыру арқылы айқындалады. Сіздер еуропа елдерінде қандай жағдайлар болып жатқанын білесіздер. Адамдар алаңдаулы. Олар қарыз алып, өмір сүріп келген, енді оны қайтару керек. Зейнетақы, еңбекақы, жеңілдіктер көлемі азайтылуда, мемлекеттік қызметшілер қысқаруға ұшырауда. Осыдан барып халықтың сатып алу мүмкіндігі бірден азайған. Егер сатып алу мүмкіндігі төмендейтін болса - өндіріс төмендеп, соның әсерінен жұмыс орындары қысқарады. Сіздер, мысалы, базалық медицина бізде тегін екенін білесіздер. Кейбір елдерде, мысалы, Италия мен Грекияда дәрігерге бір рет қана жазылу 300 еуро, инъекция - 200 еуро. Жүрекке бір рет операция жасау - 300 мың еуро тұрады, ал біз ол операцияны тегін жасаймыз. Сондай-ақ бізде табыс салығы әлем бойынша ең азы екенін, бар болғаны - 10 пайыз ғана екенін ескеруіміз қажет. Қазақстандағы электр энергиясының құны өзге елдерге қарағанда, айтарлықтай айырмашылыққа ие. Сол секілді судың құны және өзге де коммуналдық қызмет төлемдері бойынша да жағдай сондай. Бұл сатып алу мүмкіндігінің тепе-теңдігі деп аталады. Мемлекет бәрін де адамдардың әл-ауқатын көтеру үшін жасап отыр, - деді Президент.
Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдау әлеуметтік жаңғыртуға қатысты болғанын атап өтті. Мемлекеттің экономикалық сектордағы тапқан табыстарының барлығы да адамдардың әл-ауқатын арттыруға бағытталады. Ол - жұмыспен қамту, ауылда бизнесті дамыту, т.б. бағдарламалар.
- Егер адамдар өздері тұрып жатқан ауылда жұмыс істегісі келсе, олар шаруашылықпен айналысып, отбасын жұмыспен қамтамасыз етулері үшін біз шағын кредиттер бөлеміз. Егер адамдар оны жасағысы келмесе, біз қалаға келіңдер дей отырып, мемлекет есебінен кәсіпті игеруі үшін оқытамыз және қазақстандықтар құрып жатқан жаңа кәсіпорындардан жұмыс ұсынамыз. Ал биылғы жылдан бастап «Қолжетімді тұрғын үй» бағдарламасы бойынша 1 миллион шаршы метрге жуық тұрғын үй тұрғызылатын болады. Қазақстанды индустрияландыру дегеніміз - жаңа жұмыс орындарын ашу, жаңа өнеркәсіптік кәсіпорындарын құру. Мемлекеттің басты қамқорлығы - адамдарға жұмыс тауып беру. Ал мемлекет жұмыс істей алмайтындарға көмектесуі керек. Олар - зейнеткерлер, мүгедектер, көп балалы отбасылар. Мемлекет тарапынан жүргізілетін жұмыстар отбасында тыныштық орнап, оның одан әрі нығайып, балалардың денсаулығы мықты болып өсуіне, олардың жақсы мектепке баруларына бағытталады. Біз медицинаны едәуір алға апардық. Жас босанған әйелдер мен жас балалардың өлімі едәуір төмендеді. Жүрек-қан тамырлары мен туберкулез аурулары азайып келеді. Осындай себептерге байланысты халықтың өмір сүру ұзақтығы үш жылға артты. Әлем елдерінде дағдарыс болып жатыр, өндіріс орындары қысқаруда, ал біз жаңа жұмыс орындарын ашудамыз. Барлық жерде еңбекақы мен зейнетақы көлемі қысқартылуда, ал біз оларды ұлғайтудамыз. Өйткені Қазақстан осы жылдар ішінде дұрыс саясат жүргізе білді. Біз көпұлтты ынтымақты елміз. Біз біртұтаспыз. Мемлекеттің негізі - ол біз ұстап отырған отбасымыз, өз ошағымыз. Сіздер балаларыңызды патриот ретінде тәрбиелеп келесіздер. Барлығы сіздердің қолдарыңызда, - деп атап көрсетті Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы әйелдерге зор денсаулық, бақыт және барлық істерінде табыс тіледі.
Кездесуге еліміздің барлық өңірінен, халықтың әр тобын кеңінен қамтығын әйелдер қатысты. Олардың қатарында көп балалы аналар, кәсіпорындар басшылары, әртістер, спортшылар, дәрігерлер мен мұғалімдер бар.
Кездесу кезінде сөз сөйлеген Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваторияның ректоры Жәния Әубәкірова әлем өзін сенімсіз сезініп отырғанда, Қазақстан балабақшалар, саябақтар, мектептер, университеттер, театрлар, концерттік залдар, спорттық ғимараттар салып жатқанын атап өтті. Қазақстанның мәдениет қайраткері әлемді тамаша ұлттық өнерімен сүйсінтіп келеді.
Көкшетау гуманитарлық-техникалық лицейдің қазақ тілі мен әдебиетінің оқытушысы, тележурналист Наталья Дементьева өз сөзінде мемлекеттік тілді білу - ел Тәуелсіздігін одан әрі нығайтудың маңызды шарттарының бірі екенін айтты.
«Богатырь Көмір» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары Жұлдызай Тәженова ұжымдағы жеті мың адам Қазақстанда іске асырылып жатқан орасан индустриялық жобаларға белсенді қатысып отырғанын атап өтті. «Богатырь Көмір» өндірістік қуаты - жылына 42 млн. тонна. Бұл 20 ірі жылу-электр стансасының, 16 үлкен қаланың, 100 мың үй мен кәсіпорындардың шикізатқа жылдық тұтынушылығы.
Продюсер, «Ғашықтар әлемі» журналының бас редакторы Баян Есентаева Президенттің қолдау көрсетуінің арқасында «Қазақфильм» өнімді бола түскеніне және жарақтандырылғанына тоқталды. Киностудияда жылына 100-ден астам көркем және деректі фильмдер түсірілуде.
«Республикалық жедел жәрдем медициналық көмек көрсету орталығы» АҚ медициналық директоры Ирина Пивоварова өз сөзінде қазақстандық медицинаның үлкен биігінің бірі - Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының қабылдануы екенін айтып өтті. Оның негізі - ең жоғары технологиялық емдеу әдістемесі.
ҚР Қорғаныс министрлігі десанттық-шабуылдау батальонының санитарлық нұсқаушысы Нәзигүл Дәрменбаева Мемлекет басшысының Қазақстанның Қарулы Күштерінің әскери қызметшілеріне көрсетіп отырған қамқорлығы мен ұдайы көңіл бөліп отырғаны үшін рахмет айтты.
Атырау қаласы темір жолының бастығы Гүлсім Биташева мемлекет темір жол саласын дамытуға зор көңіл бөліп отырғанын жеткізді.
Қазақстанның жас опера жұлдызы Мария Мудряк «Болашақ» Президенттік стипендиясы мыңдаған қазақстандықтардың әлемнің үздік жоғары оқу орындарында білім алуға жол ашқанын атап өтті. Астанада Назарбаев Университеті ашылды. Енді жастар елімізде әлемдік деңгейде білім алады.
Кездесуге қатысушылар Мемлекет басшысына қоғамдағы тұрақтылықты нығайтуда, отбасылық құндылықтарды насихаттауда, өскелең ұрпақты тәрбиелеуде отбасының рөлін күшейту жөніндегі саясаты үшін алғыстарын айтты. Кездесуге қатысушылардың әрқайсысы мемлекеттің отбасыларға, аналар мен балаларға көрсетіп отырған қамқорлығының арқасында осындай табыстарға қол жеткізгендіктерін атап өтті. Сондықтан олар бүгінде өздерінің сүйікті жұмыстарын бала тәрбиесімен астастыру мүмкіндігіне ие.
Өзінің сөзін қорытындылай келе, Мемлекет басшысы елімізді дамыту саясатын одан әрі жалғастыра беретінін атап өтті.
- Біз Қазақстанда өмір сүріп жатқандардың бәрінің достығын, бауырластығын, теңдігін нығайтамыз. Қазақстан - біздің ортақ Отанымыз. Бұл туралы біздің Конституциямызда айтылған. Еліміздің әр азаматы Отанымызда өздерін жақсы сезінулері керек. Ұлты немесе ана тілі бойынша, соның ішінде мемлекеттік қызметте ешқандай да қысым көрсетушілікке жол берілмейді. Біздің ерекшелігіміз осында. Біздің күшіміз, біздің болашағымыз - халықтың бірлігінде. Біз бұл мәселені шешкеніміз үшін барлық ел сүйсінеді. Өйткені әлем елдерінде бейбітшілікке сызат түсіп, кикілжіңдерге жол беріліп, қан төгіліп жатыр. Бұл менің саясатымның нәтижесі ғана емес. Бұл барлығымыздың арқамызда мүмкін болып отыр. Ең алдымен, бұл жерде ошақ тыныштығын сақтаушы - әйелдердің рөлі орасан. Осыған байланысты мен «Анаға тағзым күні» деген атпен аналар күнін бекітуді ұсынамын. Мұндай мереке елуден астам елде кеңінен тараған, соның ішінде АҚШ, Ұлыбритания және Ресейде бар. Біз күздің алғашқы айында, қыркүйекте, астық жиын-терін науқаны аяқталғанда аналар күнін атап өтуімізге болады. Сонымен қатар, мен «Үлгілі отбасы» атағын бекітуді ұсынамын. Осындай үлгі көрсете отырып, біз жастарды тәрбиелейміз. Батыстың жасанды мәдениеті бізде белең алып барады. Жастарымыз бағыт-бағдарын жоғалтуда. Жас кезде қызығушылықтар болады, ол да өте шығады. Ал отбасы, дұрыс тәрбиелеген балалар - адам үшін мәңгілік құныдылықтар. Біз өз балаларымыздың тәрбиесіне жауап береміз. Олар біздің достығымыз мен бауырластығымыздан, бізден жақсы қасиеттерімізден тағылым алулары керек, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы жеті бала тәрбиелеп отырған қазақстандық екі анаға - Гүлмира Нышанбаева мен Жанна Рахмановаға «Алтын алқа» белгісін тапсырды.
Президент Қазақстанның барлық әйелдеріне адал еңбектері үшін алғысын білдірді және оларға бейбітшілік, махаббат, келісім мен гүлдену тіледі.