Мен Мәскеудегі Жеңіс шеруіне екінші рет қатысқалы тұрмын - майдангер Тұрарбек Игіліков

ҚТАУ. Мамырдың 5-і. ҚазАқпарат /Анаргүл Төлегенова/ - Маңғыстау облыстық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесін 21 жыл бойы басқарып келе жатқан, аймақтағы ардагер қарттардың жағдайын ашық айтып, батыл сөйлейтін, облыстағы ардагерлердің көшбасшысы Тұрарбек Игіліков биыл Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай өтетін Мәскеудегі Жеңіс шеруіне 2-ші қатысқалы отыр.
None
None

1950 жылы өзінің майдандас жолдастарымен жолығып, мәре- сәре болып, бір марқайып қайтқан ол, бұл жолы да соғыста бірге болған жора-жолдастарымен дидарласқысы келетінін айтады.

Тұрарбек Игіліков 1924 жылдың желтоқсан айында Астрахан жерінде балықшы-шаруаның отбасында дүниеге келеді. Бастауыш мектептің алғашқы екі сыныбын туған ауылында бітірген бала Тұрарбек бірден Долгино селосындағы төртінші сыныпқа көшіріліп, оны да аяқтайды. Бірақ Володар орта мектебінің сегіз сыныбын бітіргеннен кейін жоғары сыныптарда оқуға мүмкіндігі болмайды, өйткені оқу ақылы болды, бір жылға - 150 сом. Сол кезде бұл аз ақша емес-ті, мұндай қаржы ата-анасында жоқ еді. Бұл соғыстың алғашқы жылдары болатын... Мектептен кейін ұжымшарда жұмыс істеп, жылқы бақты, егін күзетті, егіс бригадасында санақшы болды. Соғыс басталғанда майданға алынған ер-азаматтардың орнына балық аулайтын бригадада еңбек етті.

«1942 жылғы тамыздың 28-інде мені Қызыл Армияның қатарына шақырды.Ол кезде әлі он сегізге де толмаған едім. Алғашқы он күнде Астрахан қаласының ет комбинаты ауданында орналастық. Он бірінші күні Каспий теңізі арқылы баржамен Қазақстанның Гурьев қаласына келіп түстік. Полк Орджоникидзе атындағы Мәдениет үйінің жанына тұрақтады. Күн сайын қала сыртында, қазіргі Махамбет атындағы драма театрдың маңында әскери даярлықтан өттік. Бір айдан кейін, қазан айының басында бізді пойызбен Чкалов облысының Сакмара стансысына алып келді. Штаб поселкеде орналасты да, ал біздер, жауынгерлер одан екі шақырым қашықтықта ашық алаңқайда, жерден қазылған блиндаждарда тұрдық. Қыс өте қатты, аяз 40-50 градусқа жететін-ді. Оның үстіне тамағы да нашар болатын. Ауа райының қандайлығына қарамастан күніне он шақырымдай жүріп өтетінбіз. Кейде шаңғымен де жүреміз. Соғыс жағдайындағы байланыстың қыр-сырын бүге-шүгесіне дейін үйрендік. Маған 1898 жылғы үлгідегі мылтық, салмағы он алты келіге жететін телефон кабелі бар катушка, кішкентай сапер күрегі, бақыраш ыдыс, зат салатын қап пен отыз патрон берілді. Әрбір он күн сайын полктың әскери нысандарын күзетеміз. Оқуды 1943 жылдың сәуірінде аяқтадық», дейді Тұрарбек аға.

Бұған дейін Тұрарбек Игіліковке кіші сержант әскери атағы берілген еді. Олар мамырдың 5-інде Мәскеуге, 42-атқыштар корпусы құрылып жатқан Сокольников саябағына келіп түскен-ді. Тұрарбек пен оның жерлестері А. С. Анисимовты, А. Н. Сысоевты, М. С. Масликовты 934 жеке байланыс батальонының рота штабына жіберіп, дөңгелек дискалы ППШ автоматы, екі танкіге қарсы қолданылатын гранатамен, дискі толы патрондармен қаруландырып, 5 тәулікке жететін азық берді. Көп ұзатпай от ортасына - кескілескен шайқас жүріп жатқан Орел-Курскіге аттандырды.

Шілденің 5-інен тамыздың 23-іне дейін Курск доғасында ауыр шайқастар жүрді. Кеңес әскерлері үш ірі стратегиялық операцияны - Курск қорғанысын, Орел және Белгород ұрыстары мен Харьков қарсы шабуылын іске асырды.. Өзінің ауқымы, жұмсалған күш-құралдары,шиеленісі, әскери-саяси себеп-салдарының нәтижесі жөнінен бұл екінші дүниежүзілік соғыстағы ең ірі шайқастардың бірі саналады. Курск түбіндегі жеңіс және кеңес жауынгерлерінің Днепрге шығуы соғыстың барысына түбегейлі өзгеріс енгізді.

«Мен, байланысшы ретінде ұзақ уақыт оперативтік бөлімде, корпус командирінің бақылау пунктінде қызмет еттім. Бақылау пунктін желілік байланыс арқылы корпус штабымен, дивизия және командирлермен байланыстырдым. Бірде корпус командирінің жаңадан жабдықталған бақылау пунктіне жүріп кеттік. Бірінші келе жатқан «виллисте» біздер, байланысшылар мен комендант взводының күзетшілері, ал екінші машинада өз адьютантымен корпус командирі, генерал К.К. Калганов келе жатқан-ды. Гитлершілдер бізді байқап қалып алты ствольды минометпен атқылай бастады. Біздің машинамыздың жанына түскен бір снаряд жарылмай қалды.Баспанаға келгеннен кейін генерал бізге қарап: «Беу, қарақтарым-ай, сендер шынында да бақ жұлдыздың астында дүниеге келген болдыңыздар», деді. Егер снаряд жарылғанда біздің бірде-біріміз тірі қалмас едік. Әрине, мұнда жүргізушілердің тәсіл қолдана білген шеберлігі де септігін тигізді», деп еске алады ардагер.

Ол 934 - жеке батальонның құрамында Германияға дейін ұзақ майдан жолын жүріп өтті. Көптен күткен Жеңіс күнін Гдынцк қаласының түбінде қарсы алды. Екі рет жараланғанына қарамастан Жеңістен кейін де әрекеттегі бөлімдерде қызметін жалғастырды. 1947 жылдың наурызына дейін Польшада, одан кейін Кенигсбергте қызмет істеді. Армиядағы соңғы жылдары коммунист ретінде көптеген партиялық-саяси жұмыстарға белсене араласты.Соғыстан кейінгі жылдары Тұрекең партия, кеңес, шаруашылық салаларында басшы да жауапты қызметтер атқарды.

Жиырма жылдан астам уақыттан бері облыстық соғыс және еңбек ардагерлері Кеңесін басқарып келеді. Ол -- «Қазақстан Республикасы Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігі Орталық Кеңесі үш мәрте шақырылымының мүшесі, Ақтау қаласының Құрметті азаматы, ҚР-ның «Құрмет», «Парасат» ордендерінің, көптеген медальдардың иегері. Сондай-ақ «ТМД-ның құрметті ардагері», ардагерлердің Халықаралық одағының, 48-інші Армияның төсбелгілерімен, КСРО-ның «Қызыл Жұлдыз», «ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы» ордендерімен, 30-дан астам медальдарымен марапатталды.

Тұрекең ұзақ жылдар облыстық Тәртіптік кеңестің мүшесі болды. Үш мәрте Н. Ә. Назарбаевтың кандидатурасын Қазақстан Республикасының Президенттігіне ұсынуды қолдау жөніндегі бастамашыл топтың құрамына еніп, белсенді қызмет атқарды.Ол сондай-ақ Мәскеу және Астана қаласында өткен әскери парадтарға қатысушы да.

Таяу арада Мәскеуге жол жүрмек ниетте. Қанқұйлы жауға қарсы жұдырықтай жұмылған жүрегі Мәскеуде 65 жылдан кейін өтетін бейбіт шеруді көруге арманда.. Соғыста бірге болған жора-жолдастарымен дидарласқысы келеді. «Ел аман - жұрт тыныш» болса екен деп тілейді кешегі майдангер.

Әрине, Отан үшін от кешкен, бар саналы ғұмырын туған халқының болашағына бағыштаған осындай ардагер ағаның арамызда жүргеніне біз де қуанамыз.

Соңғы жаңалықтар