«Менің Отаным - Қазақстан» туристік экспедициясының ІІ кезеңі басталды - Ақмола облысы (ФОТО)

Облыстық туризм басқармасының басшысы Шынарбек Батырхановтың айтуынша, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы және ҚР Конституциясының 20 жылдығына арналған экспедиция аясында түрлі мәдени-спорттық шаралар қарастырылған. «Бүгінгі шараның мақсаты балалар мен жасөспірімдер арасында туризмді дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыру, жастарға патриоттық тәрбие беріп, отансүйгіштік қасиеттерін арттыру, экологиялық, білім беру және мәдени деңгейін көтеру болып табылады. Бұл бағытта жыл сайын облысымыздың әр өңірінде осындай шаралар ұйымдастырып отырамыз. Қатысушылар экспедицияның бірінші кезеңінде атқарған жұмыстары жайлы көрмелерін ұсынды. Онда өз өңірлерінің тарихы, әсем табиғаты жайында шығармашылық материалдар таныстырылды», - дейді Ш.Батырханов. Экспедиция бағдарламасына сай бүгін барлық қатысушылар үш бағытқа бөлініп, кешке дейін белгіленген жолды жүріп өтулері тиіс. Кешке қарай Борисовка орта мектебінің жанында тігілген палаталар қалашығында алау шағып, өлең айтып, ойын ойнап, би билемек. Олармен бірге шараның соңына дейін әділ қазылар алқасы да бірге жүретін болады. Қазылар экспедиция барысында мәдени-танымдық, экологиялық-өлкелік және спорттық-сауықтыру қырынан танылғандарды таңдап алады. Ал топ жарғандар «Менің Отаным - Қазақстан» туристік экспедициясының ақтық кезеңінде Ақмола облысының намысын қорғайтын болады.