18:54, 28 Мамыр 2009 | GMT +5
Металлургия саласын дамыту дағдарыстан кейінгі әлемдік нарықта өз орнымызды сақтап қалуға септігін тигізеді
АСТАНА. Мамырдың 28-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Елбасының бастамасымен Қазақстан Үкіметі дағдарыс кезеңінде жаңа инновациялық-индустрияландыру идеясын қолға ала бастады. Бұндай индустрияландыру шарасы өз кезегінде өнеркәсіп пен кәсіпкерлікті дамыта отырып, экономика салаларының бәсекеге қабілеттілігін шыңдай түсетіні сөзсіз.
Индустрияландыру ? ғаламдық дағдарыс кезеңінде Қазақстанның сапалы дамуына жол ашатын маңызды факторлардың бірі болып табылады. Бұл бағытта қазірдің өзінде жаңа заманауи өндірістер құру, инновациялық инфрақұрылымды дамыту, экспорттық әлеуетті әртараптандыру шаралары - жалпы алғанда экономиканың нақты секторын үлгілендіруге негізделеді. Осындай индустрияландырудың ауқымды бір тармағы Қазақстанның металлургия саласын дамыту және дайын металл өнімдерін шығаруға бағытталуда. Яғни, Қазақстанның қазіргі қадамының бірі әлі кете бастаған сала құрылымдарын дағдарыстан кейінгі кезеңде жаңғырған өнеркәсіп ошағына айналдыру болып табылады. Осыған қарай, өндіруші күштерді оңтайлы жайғастыру бойынша Елбасы ұсынған жоспардың тиімді жүзеге асуы өнеркәсіптің жаңаша сапалы деңгейге ауысуына жағдай жасайды.
Ал металлургия саласына келетін болсақ, Елбасы 2015 жылға қарай осы бағыттағы өнеркәсіптің өнімдерін өндіру мен экспорттау көлемін екі есе ұлғайтуды қамтамасыз етуді тапсырды. Бұнымен қоса, қайта өңдеуді тереңдету және жаңа бөліністі құру есебінен металлургияның жалпы қосылған құнын кем дегенде 107 пайызға өсіруді жүктеп отыр. Осының өзі металлургия саласында жаңа бағытты, өнеркәсіптік кешендер мен инновациялық өндірістерді құруға жол ашатыны белгілі. Яғни, бұған дейін атқарылып келген металл өндіру шаруасымен қоса, ендігі күні жеке-жекелеп сыртқы саудаға салғанда қомақты пайда әкелетін металл өнімдерін де шығару қолға алынбақ. Бұндай тапсырманың орындалуына қаншалықты сенуге болады? Енді осы жағын қарастырып көрсек.
Бүгінгі күні республика бойынша металлургия саласында жалпы құны 1 трлн. 622,5 млрд. теңгені құрайтын әрі оның аумағында 10 мың 723 жұмыс орны құрылатын 26 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Оның ішінде поликристалды кремний өндіру жөніндегі зауыт, алюминий зауытының екінші кезегі, түйіршіктелген шойын өндірісін ұйымдастыру, Тараз металлургия зауыты негізінде ферромарганец өндірісін кеңейту және жаңғырту, болат өндірісін екі есе ұлғайтатын «Миттал Стил-Теміртау» жаңа металлургия кешенінің құрылысы қамтылып отыр. Былтырғы жылдың өзінде осы саладағы 7 нысан құрылып, онда 1 мыңнан астам жұмыс күші жұмылған. Ал биыл осындай 9 нысан жүзеге асса, онда 2 мың 649 жұмыс орны ашылмақ. Яғни, жұмыспен қамту стратегиясы тұрғысынан қарастырсақ, әрбір жаңа жоба жаңа жұмыс орындарының ашылуын көздейді. Бұның сыртында, шағын және орта кәсіпкерлік мәселелері де ілесе жүретіні белгілі. Сондықтан да, өнеркәсіптік жобалардың дағдарыс кезеңінде қолға алынуы әлеуметтік түйіннің тиімді шешімін табуға да септігін тигізеді. Екіншіден, металл өнімдерін өндіруді дамыту - ұлттық экономиканың шикізаттық-экспорттық бағдарын өзгертіп қана қоймай, әлемдік нарықтағы жағдайдан адалана, тәуелсіздене түсуге мүмкіндік қалыптастырады. Яғни, ендігі күні дағдарыстан сабақ алып отырған кез келген мемлекет ішкі сұраныстағы бос жерлерді ең алдымен сол ішкі күштермен жауып қалуға тырысады. Осы мақсатта Үкімет те қазіргі күні жасалып жатқан «Өндірістік қуаттарды оңтайлы орналастыру» картасында ең алдымен республиканың ішкі нарығында тұтынуға пайдалы өнеркәсіптерге мемлекеттік қаражат құйылатын болады. Металлургия саласын дамыту мәселесі осы тұрғыдан алғанда да тиімдірек. Олай болатын себебі ? бүгінгі күні қайтадан жан біте бастаған құрылыс жұмыстарының барлығы дерлік металл өнімдерін пайдаланады.
Жалпы алғанда индустрияландыру мақсатындағы президенттік жоспарды жүзеге асыру металлургия саласына қосымша қан жүгіртіп, саланың дағдарыс кезеңінде жаңаша дамуына бағдарланады. Әрине, қазіргі әлемдік нарықта металл бағасы көңіл көншітерліктей емес. Дегенмен де, дағдарыстың уақытша құбылыс екендігін ескерсек, дағдарыстан кейінгі жағдайда әлемдік экономика нарығында өз орнымызды сақтап қалуға ұмтылудың берері мол болмақ.