Миландағы «ЭКСПО-2015» көрмесінде қазақстандық павильонның миллионыншы келушісі құрметке бөленді
Бұл мәртебеге бағдарламалық кеңесші болып жұмыс істейтін Италияның 57 жастағы тұрғыны Даниеле Берго ие болды, деп хабарлады «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ қоғаммен байланыс департаментінен.
«Expo Milano 2015» Дүниежүзілік көрмесіндегі Қазақстан Республикасының Ұлттық секциясының Бас комиссары Әнуарбек Мусин миллионыншы қонақ Даниеле Бергоны құттықтап, Қазақстан Республикасы бойынша тегін тур жасауға құқық беретін сертификат табыс етті.
«Expo Milano 2015» Дүниежүзілік көрмесіндегі Қазақстан Республикасының павильонын күн сайын шамамен 5 000 адам аралайды. Павильон қонақтары ең көп павильондардың қатарында және көрмені ұйымдастырушы комитет өткізіп жатқан дауыс беру шарасында көш басында.
Жалпы аумағы 3000 шаршы м. құрайтын екі қабатты ғимаратта орналасқан қазақстандық павильон тақырыбы - «Қазақстан - мүмкіндіктер елі» болды.
Ал, Астанадағы көрме 2017 жылғы 10 маусымнан 10 қыркүйекке дейін жалғасады. Оған әлемнің 100-ге жуық елі және 10 халықаралық ұйым атсалыспақ. Көрмеге 2 миллионнан астам адам қатысады деп күтіліп отыр.
ЕХРО-2017 көрмесінің «Болашақтың энергиясы» тақырыбы ең үздік әлемдік энергия сақтау технологиясын, бүгінде бар баламалы энергия көздерін пайдалануда жаңа әзірлемелер мен технологияны пайдалануға мүмкіндік береді.
Көрме сондай-ақ елдің өндірістік қуаты мен ғылыми базасын технологиялық жаңғырту және экономиканы жүйелі әртараптандыру үшін қуатты серпін береді. Мұндай ауқымды іс-шараны өткізу ісіне, соның ішінде көрмелер объектілері құрылысы мен инфрақұрылымына шағын және орта бизнес атсалысатын болады.
ЕХРО көрмесін өткізу кезінде Қазақстанның астанасы әлемнің түкпір-түкпірінен келген түрлі мәдениеттердің үндесетін орнына айналмақ.
Қазақстан 1997 жылдан бастап Халықаралық көрмелер бюросына мүше ел болып саналады және ЕХРО көрмелеріне 2005 жылдан бастап қатысып келеді.