Министр Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында вагондардың кешігуіне не себеп екенін айтты

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Қазақстан мен Өзбекстан шекарасындағы вагондардың кешігу себебін түсіндірді. 

Нурлан Сауранбаев
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

Оның айтуынша, кешігу маусымдық жүк тиеу мен транзит көлемінің күрт артуына байланысты болып отыр.

- Бірнеше жағдай болды. Маусымдық жүк тиеу бар, ол кезде бәрі: көмір, жанар-жағармай, астық тиеледі. Мұның бәрі осындай жағдайға әкеледі. Бірақ жалпы алғанда, Өзбекстан мен Қазақстан түйіскен жерде біз бұрын 24 пойызды өткізетінбіз және бұл жеткілікті болды. Бірақ енді бұл көрсеткіш биыл 35-ке дейін артты. Бұл не? Біріншіден, география өзгерді. Ауғанстан Ресей мен Қазақстаннан азық-түлік пен тауарлар сатып ала бастады. Бұрын Өзбекстан әрқашан тұтынудың соңғы нүктесі болды және сол 24 пойыз жеткілікті еді. Бүгінде ол 35 пойызды қабылдайды және үлгермей жатыр, - деп мәлімдеді министр Үкіметтегі брифингіде.

Бұған дейін Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов «Қазақстан темір жолы» АҚ-ның басқарма төрағасы Талғат Алдыбергеновке Өзбекстанға қарай жүк вагондарының жинақталуына жол берген компанияның лауазымды тұлғаларын жауапқа тартуды тапсырды. 

Соңғы жаңалықтар