Министр субсидиялаудың ақпараттық жүйесіне қатысты сынға жауап берді
«Иә, Субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесінде шешуді қажет ететін техникалық мәселелер бар. Бірақ Gosagro.kz жүйесі жұмыс істеп тұр. Көбіне мәселе өтініш берушінің деректерін растауға қатысты тұста туындап отыр», - деп жазды министр Facebook-тегі парақшасында.
Оның мәліметінше, енді фермерлер егіс алқабының көлемін бұрынғыдай көз мөлшерімен жобалап, шекарасын белгілей алмайды. Ол деректер ғарыш мониторингі арқылы қайта тексеріліп, расталады.
«Шаруалар жерлерін дереу ретке келтіруі керек. Бұрынғы «Qoldau» жүйесімен жасалған жұмыстарға жүргізілген талдау нәтижесінде сәйкеспейтін фактілер анықталды. Мысалы, бірқатар фермерлік шаруашылықтың пайдаланып отырған жерлері қолмен сызып, көз мөлшерімен жобалай салған көлемнен әлдеқайда аз болып шыққан. Бұл жерде норматив пен субсидия сомасы артық көрсетілгенін байқау қиын емес. Мәселен, фермердің шын мәнінде 500 гектар жері болғанмен, ескі жүйе арқылы ол 1 000 гектар жерге субсидия алып отырған», - деп мәлім етті министр.
Ведомство басышысы «Qoldau» жүйесінде кездескен тағы бір өрескел заң бұзушылықты атап өтті. Оның дерегінше, фермер жерлерді іс жүзінде игермеген.
«Субсидияны пайдаланып, алған тұқым, тыңайтқыш, пестицидтер егіс алқабына себілмеген. Бөлінген қаржы көп, бірақ құмға сіңген су сияқты. Сондықтан Қаржы министрлігімен бірлесіп, электронды шот-фактураларды бұғаттау үшін енгізген жүйе біраз былықтың бетін ашты. Егер бұрын шаруа бір ғана шот-фактурамен мемлекеттік қолдауға бірнеше рет өтініш бере алған болса, енді Gosagro жүйесінде ондай қулық жүрмейді. Qoldau жүйесінен осындай да фактілер анықталды», - деп жазды министр.
Сонымен қатар Ербол Қарашөкеев неліктен барлық шаруалар тыңайтқыш алу үшін субсидияға өтініш бере алмайтын түсіндірді.
«Тыңайтқыштарды субсидиялаудың, пестицидтерге, биоагенттерге субсидия беру тізбесі мен нормаларын жергілікті атқарушы органдар бекітеді. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда бұл нормаларды тек 7 облыс қана бекітті. Сондай-ақ, нормативтерді бекітпеген облыстардың басқармаларының мамандары тыңайтқышқа өтінім беру мүмкіндігінің жоқтығы туралы шаруалар мен журналистердің сұрағына жауап бергенде мәселені порталға қарай сілтей салады екен. Шын мәнінде Gosagro.kz порталы штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Басқармалар нормативті әлі бекітпегенін мойындаудың орнына барлық айыпты жүйеге және министрлікке жаба салуды жөн көреді», - деп жазды министр.