12:14, 30 Мамыр 2016 | GMT +5
МС Сайлаубек өзіне шабуыл жасалғаны жөнінде полицияға шағымданған жоқ - Алматы ІІД
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Кешегі күні бұқаралық ақпарат құралдарында белгілі рэпер МС Сайлаубекке Алматыда шабуыл жасалғаны туралы ақпарат пайда болған еді. Осыған байланысты, Алматы қалалық ішкі істер департаменті тексеру шарасына кірісті. Соның нәтижесі бойынша оның Алматы полициясының бөлімшелеріне арызанданбағандығын және медицина мекемелеріне қаралмағандығын анықтады. Бұл туралы бүгін Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметі хабарлады.

«Қазіргі таңда осы оқиға бойынша тексеру шаралары жүргізіліп жатыр. Көп ұзамай шындыққа жанаспайтын деректің не үшін таратылғаны анықталып, ҚР тиісті заңнамасына сәйкес, шара қолданылады», - делінген хабарламада.
Айта кетелік, МС Сайлаубекке шабуыл жасалғаны туралы хабар 29 мамырда пайда болды. Телефонмен түсірілген бейнекөріністерге көз жүгіртсек, МС Сайлаубектің түнгі уақытта далада бірнеше жігітпен сөйлесіп тұрғанын көреміз. Көп ұзамай олардың арасында жанжал туындайды. Бір кезде, жігіттердің бірі екіншісін итеріп жібереді және араға түскен МС Сайлаубекке қаратып жарақаттаушы тапаншамен бірнеше рет оқ атады. Бейнекөрініс осы жерде аяқталады. Әрі қарай не болғаны белгісіз.