Мұғалімді өлтірді деген күдікпен ұсталған 4 шалқарлықтың тағы бір қылмысы ашылды

2009 жылдың 3 қазанында Шалқар қаласынан 10 шақырым жерде орналасқан Ескі Шалқар көлінің жағалауындағы қамыс арасынан әйел адамның сүйектері табылған. 1974 жылғы әйелдің 2009 жылдың маусым айынан бері жоғалғандар тізімінде тұрғаны анықталды.
Арнайы жедел-тергеу шараларын өткізу барысында ІІД қылмыстық полициясы мен Шалқар АІІБ-нің қызметкерлері 30 жастағы әйелді өлтірді деп айыпталып отырған 27-32 жас аралығындағы жергілікті төрт тұрғынның бұл әйелдің өліміне де қатысы бар екендігін анықтады.
Күдіктілердің сөздерінше, 2009 жылдың 9 шілдесінде олар Шалқардың шетінде жәбірленген азаматшамен бірге спирттік ішімдіктер ішкен. Араларында туындаған ұрыс барысында олар әйелді көлге тұншықтырып өлтіріп, денесін қамыс арасында қалдырып кеткен.
Қазіргі кезде күдіктілерге қатысты ҚР ҚК-нің 96 бабы («Адам өлтіру») бойынша екі қылмыстық іс қозғалып, олардың басқа қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр.