Мүгедектігі бар жолаушыларға қай әуе компаниясының билетін алу тиімді
«Қазіргі уақытта Қазақстанның қолданыстағы заңнамасында ішкі рейстерде 2 жастан 15 жасқа дейінгі және халықаралық рейстерде 2 жастан 12 жасқа дейінгі балаларға 50 % жеңілдік көзделген. Сондай-ақ, заңнамаға сәйкес 2 жасқа дейінгі балаларды халықаралық және ішкі рейстерде жеке орын бермей тасымалдау тегін. Сонымен қатар, бүгінгі күні Мәжілісте «Мүгедектер құқығы туралы конвенцияға факультативтік хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы қаралып жатыр, оның басты талабы - қолданыстағы заңнаманы конвенцияның нормаларына сәйкес келтіру», - деді вице-премьер.
Бұдан әрі қарай мүгедектігі бар жолаушыларға әуе компанияларының қандай жеңілдіктер ұсынып отырғаны туралы мәлімет берілген.
«Бұдан бөлек, тиісті сұрақ авиакомпанияларға жолданды. Мәселен, «SCAT» авиакомпаниясы» АҚ ішкі тұрақты рейстерінде (субсидияланған рейстерді қоспағанда) жылына 1 рет мүгедек балалар мен І топтағы мүгедектерге тарифтен 100% жеңілдік, сондай-ақ ІІ топтағы мүгедектер үшін 50% жеңілдік береді. Бұл ретте жолаушылар әуежай алымдары мен авиабилет ресімдегені үшін алым төлейді. Еріп жүретін адамдарға жеңілдік қарастырылмаған. «Qazaq Air» АҚ мүгедектігі бар адамдарға әуе сапарына жеңілдік беру мәселесі растайтын бүкіл құжаттарды ұсынған кезде жеке тәртіппен қаралатынын хабарлайды. Сонымен қатар, «Qazaq Air» АҚ басқарма төрағасының шешімімен мүгедек балаға тариф құнынан 100% жеңілдік және ілесіп жүретін адамға сол тарифтен 50% жеңілдік беріледі. «Эйр Астана» АҚ-да 60 жастан асқан жолаушыларға, 12 жастан 25 жасқа дейінгі жастарға және ҰОС ардагерлеріне жеңілдіктер көзделген. Сонымен қатар, бүгінгі күні Мәдениет және спорт министрлігі ел ішінде кәмелетке толмаған балалардың ұшуы кезінде авиабилеттерді субсидиялайтын «Kids go free» мемлекеттік бағдарламасын іске асырып жатыр», - деп жазылған жауапта.