Мүмкіндігі шектеулі жандар мемлекет назарынан тыс қалмайды
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметінен ақжолтай хабар келді. Мүмкіндігі шектеулі жаңақорғандық Ақнұр Сматова «Жастарды қолдау орталығының» аудандық бөліміне қоғамдық ақылы негізде үш айлық жұмысқа қабылданатын болды.
Талантты қыздың шығармашылық ән кешін өткізсем деген арманы орындалды. Ақнұр дүйім жұрттың алдында әсем ән шырқап, жиылғандардың көңілін бір серпілтті. Әсіресе, «Бір нәзік сәуле» атты шағын көріністе басты кейіпкерді сомдаған Ақнұрдың жүректерге жеткізе айтқан сөздері көрермендерге еріксіз жас алдырды. Шиеліден келген жан досы, қос жанарынан айрылған Бақытгүлдің «Тәубеңе кел» деген қара сөздері көптің санасына әсерлі ой салды.
Көрермендер залында ине шаншар орын болмауы Ақнұрдай қайсар қыздың тез айығып кетуіне себепкер болғалы жиналған жаңақорғандық жұртшылық лек-легімен қайырымдылық жәшігіне қаржыларын салып жатты.
«Нұр Отан» партиясы филиалының, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйытқы болуымен өткен ән кешінде Ақнұрдың еміне жетерлік қаржы жиналды. Салтанатты шараны соңына дейін тамашалаған аудан әкімінің орынбасары Қ.Бүркітбаев аудан әкімінің ықылас гүлі мен «Қазақтың халық әндері» атты ән жинақты Ақнұрға сыйлап, мүмкіндігі шектеулі жандар қашан да мемлекеттің назарынан тыс қалмайтындығын жеткізді, деп хабарлады аудан әкімінің баспасөз қызметі.