Мұнай арзандауының салдары және экономикалық өсім

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жаһандық нарықта мұнай құны арзандап, баға одан әрі түсуге бет алды. Әлемдік еңбек бөлінісіне негізінен минералдық шикізат шығарумен қатысып отырған біздің еліміз үшін бұл, әрине, жағымсыз жағдай. Биыл шілдеде ең жоғары шегіне жеткен - барреліне 114 доллар - мұнай бағасы одан беріде төмендеу үстінде. ОПЕК елдерінде мұнай өндіру көлемінің ұлғаюына орай, қараша айының басында баға барреліне 80 доллардан төмен түскендігі тіркелді. Сарапшылар баға тербелісі барреліне 80-90 доллар шамасында тұрақтауы мүмкін дегенмен, жалпы үрдіс төмендеу бағытында болатындығын айтады.
None
None

Ұлттық банктің биылғы жылдың бірінші тоқсанындағы мәліметтеріне сәйкес, Қазақстан экспортының 85 пайызын минералдық шикізат құрайды. Ал оның ішінде 73 пайыздан астамы мұнай мен газдың үлесіне тиесілі. Мұндай жағдайда еліміз экономикасы үшін әлемдік бағаның қолайлы иә қолайсыз өзгерісі, яғни өсуі немесе төмендеуі аса маңызды рөл атқаратыны белгілі. Сондықтан әлемдік нарықта қалыптасып отырған бүгінгі жағдай - мұнай бағасының одан әрі түсуге бет алуы жалпы алаңдаушылық туғызып отырған мәселенің үлкені деуге болады. Өйткені бұл еліміздің әрбір азаматының тыныс-тіршілігіне әсер етпей өтпесі даусыз.

Сонымен қатар, қазынаға келетін экспорттық түсім - валюта азаяды. Нәтижесінде теңге құлдырап, инфляция өседі, экономикалық өсім тежеледі. Оның үстіне, Ұлттық қордың бүйірінің шығуы да осы мұнай бағасына тәуелді. Ал, еліміздің мемлекеттік бюджетінің негізгі бөлігі Ұлттық қордың трансферттері арқылы қамтамасыз етіліп отырғанын да ұмытпағанымыз жөн. Ел бюджеті биыл жылдың басында барреліне 90 доллар мұнай бағасына негізделіп жасалған болса, көктемде баға болжамы 95 доллар болып өзгертілді. Халықаралық қаржы институттарының болжамы бойынша еліміздің ІЖӨ өсімінің бұл көрсеткіштен төмен болатындығы қарастырылған. Мәселен, биылғы жылы еліміздің ІЖӨ-нің өсімі Халықаралық валюта қорының болжамы бойынша 5,75 пайыздан 4,75 пайызға, Дүниежүзілік банктің есебінше - 5,8 пайыздан 5,1 пайызға, ал S&P рейтингтік агенттігі болжамынша - 4,5 пайыз болмақ. Ұлттық банктің басшысы Қайрат Келімбетов те өзінің «Панорама» апталығына берген сұхбатында экономикалық өсім 4 пен 5 пайыздың аралығында, нақтырақ алғанда 4,5 пайызға жақын болатындығын айтады. Алғашқы жарты жылдықтағы өсім алдын ала есептеулер бойынша 3,9 пайызды құрады. Міне, көріп отырғанымыздай, мұнайдың әлемдік нарықтағы арзандауы еліміздің экономикалық өсімінің тежелуіне әсер етуде. Ендігі алаңдаушылық мұнай бағасы одан әрі құлдырай түссе, қалай болмақ дегенмен байланысты. Иә, баға бюджетте салынған нақты деңгейінен төмен түсетін болса, ішкі жалпы өнім өсімі азаяды, экономиканың түрлі саласында қаржымен қамтамасыз ету нашарлайды, кейбір салаларда өндіріс көлемі, тауар өндіру қысқарады, нәтижесінде кәсіпорындардың инвестициялық мүмкіндігі азаяды. Ең қиыны, төлем теңгерімінің теріс айырмасы қалыптасып, теңгенің долларға қатысты кезекті құнсыздану қаупі туындайды. Жаһандық экономикадағы дағдарыстың елімізді айналып өтпейтін салдарынан туындайтын қиындықтар осындай. Барлық тұтыну нарығында сұранысты тежеген ақпандағы девальвация теңселткен төлемқабілеттілік әлі еңсе тіктей қоймаған бұл күнде әлемдік нарықтағы бағаның төмендеуге бет алған біз үшін жағымсыз бағдары көңілдегі алаңдаушылықты еселей түсері анық.

Соңғы жаңалықтар