Мұнайлы ауданында өкпе ауруынан сауықтыруға арналған балабақша мен бүлдіршіндерге арналған шағын орталық ашылды
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Балапан» бағдарламасын жүзеге асыру барысында 100 төсекті өкпе ауруынан сауықтыруға арналған балабақша мереке қарсаңында пайдалануға берілді.
Бұрынғы әлеуметтік бейімдеу орталығы болған ғимарат жергілікті бюджеттен аударылған 150 млн. теңге қаржыға күрделі жөндеуден өткізілген.
Заманауи емдеу құралдарымен жабдықталған балабақшаның ашылу рәсіміне облыс басшысы Қырымбек Көшербаев қатысты.
Жаңа балабақшаны аралаған облыс әкімі онан кейін Мұнайлы ауданындағы №5 мектептің жанынан ашылған «Күншуақ» шағын орталығында болды.
75 балаға арналған шағын балабақшаның құрылыс жұмысына облыстық бюджеттен 13 млн. теңге бөлінген.
«2 және 5 жас аралығындағы балаларды қабылдап жатырмыз. Бүлдіршіндерге жағдай толығымен жасалған. Осы балабақшадан бірден мектепке қабылданады» дейді №5 мектеп директоры Ырыскүл Иманбаева.
Мұнайлы ауданында қазір 93 мың халық тіршілік кешуде. Ауданда балабақша кезегінде тұрған бүлдіршіндердің саны 10 мыңға таяу.
Аудан басшылығының айтуынша, «Балапан» бағдарламасы аясында жыл соңына дейін Мұнайлы ауданында 15 балабақша ашылмақ.