Мырзатай Жолдасбеков: Нұрсұлтан Назарбаев - Ұлт намысының қамшыгері
Тарихи кезеңдегі ауыр да жауапты миссияны абыроймен асқақтатқан Президент Нұрсұлтан Назарбаев бүгін әлемдік тұлғаға, әлем таныған, мойындаған саясаткерге айналды. Бір ғана мысал: әлемнің ірілі-ұсақтыларынан бастап, алпауыт мемлекеттерінің басшыларына дейін, ең қуатты державалардың лидерлері, беделді халықаралық ұйымдар басшылары Нұрсұлтан Назарбаевпен қатардағы ел президенті ретінде емес, оның тұлғалық мәртебесіне қарап сөйлеседі. Сондықтан да, осы әңгіме төңірегінде еліміздің белгілі мемлекет қайраткері, ғалым, қазақ қоғамының ақсақалы, ең қиын кезеңде Елбасының жанында болған үзеңгілес серіктерінің бірі Мырзатай Жолдасбековтің Президент жайында айтқан сырларына назар аударған едік.
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тау тұлғасы туралы сөз болғанда Мырзатай Жолдасбеков Тәуелсіздіктің тұғырлы биікке көтерілуіндегі Елбасының ерен еңбегін үнемі айтып келеді. Ал ондай ерен еңбекті тізбектесе оған сан жетпейді. Дегенмен, ел жадынан мәңгі орын алатын бірді-екілі мәселені де сабақтауға болады. Мәселен, Мырзатай Жолдасбеков бұлардың қатарына Елбасының ең бірінші кезектегі егемен ел болуымыз үшін күрескен ерлігін паш ететін еді. «Алпауыт күштер сырттан андыздап тұрғанда, ел ішінде адам баласы түсініп болмайтын шытырман оқиғалар арпалысып жатқанда, Назарбаев көрегендікпен, көсемдікпен есеңгіреген елдің есін жиып, Ұлы Далада өте қысқа мерзімде бұрын-соңды болмаған бүтіндей жаңа мемлекет орнатты. Орнатып, қалыптастырып, дамытып, әлемге танытып, әлемдік қоғамдастыққа мойындатып қана қойған жоқ, мемлекеттіліктің, ел басқарудың өзіндік жаңа қазақстандық мектебін қалыптастырды. Өзі де әлем қауымдастығы мойындаған кемеңгерге айналды. Ел алдындағы, өркениет алдындағы осындай аса жауапты міндетті Елбасы, сөйтіп абыроймен орындады», - дегенді алға тартады академик.
«Қазақ жері қасиетті, тарихы мен тағдыры тақсыретті жер. Ұлы Даланы бабаларымыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен, құдіретті рухымен қорғады. Әзіз бабалар елдік пен ерліктің ұлы үлгісін көрсетті. Темір ноқта мен арқан ноқтаның ортасында оттай лаулап, Отанын сақтады, Тәуелсіздікті аңсады. Бабалар аңсаған сол арман - мемлекет тәуелсіздігі сан ғасырлар сағындырып, ақ қанатты періште кейпінде елімізге оралды. Халқымыз Нұх пайғамбардың кемесіне мінгендей хал кешкенде, қайшылықтар шырмауына шырмалғанда, замана теңізінен аман алып шыққан кемел ойлы саясаткер, кемеңгер, дуалы ауыз, ел бастау тәсіліне жетік Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еді. Әлем тарихында жарқын құбылыс, жаңашыл реформатор деп танылған ұлы саясаткер жайында дүние жүзі қайраткерлерінің жарыса жазатыны содан. Ол пікірлердің қай-қайсысы да ел Президентінің пайым-парасатына, ерлік іс-қимылдарына, төтенше шешімпаздығына берілген мейлінше әділ сипаттамалар. Еліміздің тереңінен толғап, алыстан болжар көсемі, сұңқар пейіл басшысы, алтын жебелі сардары Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендігі мен іскерлігі арқасында Астана желкілдеп, жаңарып, жаңғырып, ертегідегі алыптардай аршындап алға басып, қарыштап дамып келеді», - дейді Мырзатай Жолдасбеков.
Шындығында, ерекше атап өтерлік Елбасы ерлігінің бірі - Астананы арқаға көшіру еді. «Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап-ақ елдігін баянды етудің, Ұлы Далада Мәңгілік Ел орнатудың амалдарын жүзеге асырып келеді. Соның бірі - Астананы Арқаға көшіру. Ызы-қиқы заманда, аса бір қиын кезеңде Бас қаланы көшіру - ол кезде ақылға да сыя бермейтін, қиялға да келмейтін, теңдесі жоқ ерлік еді. Астана бүгінде - Отанымыздың орталығына орналасқан ғарыштың тап кіндігіндегі Темірқазық жұлдызына, жаңарған Қазақ елінің інжу-маржанына, қасиетті бойтұмарына, ұлан-байтақ даламызға қан жүгіртетін, жан бітіретін күретамырына, әлем қызығатын, ел сүйсінетін игілік мекеніне, халқымыздың қара шаңырағына, жаһанға танылған жұртымыздың жарқыраған жақұтына, азаттығымыздың алтын қыранына айналды. Астана - ұлт рухының құдіретті шарайнасы. Ол мемлекетіміздің биік мәртебесі, жоғары дәрежесі, бақ-берекесі, елдік пен тұтастық-бірліктің тұтқасы, дербестігіміздің дара тумасы», - дейді М. Жолдасбеков.
Оның айтуынша, Астана тарихы Елбасының ерен тұлғасын, қайраткерлік, саясаткерлік іс-қимылдарын айқын сипаттайды. Астананың бас сәулеткері - Елбасы, қаланың архитектуралық, философиялық-эстетикалық тұжырымдамасын да Президент жасаған-ды. Оның сөзіне қарағанда, Назарбаев жаһандық сәулет өнерінің жаңалықты құбылыстарына, үздік үлгілеріне жүгіне отырып, саяси-әлеуметтік, мәдени-экономикалық мәні өзгеше жаңа елордаға лайық қайталанбас ою-өрнектер, ұлттық нақыштар, сан алуан бояулармен құбылған бейнелі суреттер салдырды.
«Елбасы Сарыарқа төсіне, қазақ жерінің қасиетті төріне Астананы көшіргені тегін емес. Бұл өңірде небір өркениет дамыған. Астананың іргесіндегі Бозоқ қаласы, Ерейментаудағы байырғы хан ордалары осы Ұлы Жібек жолының бойында қоныс тепкен, тоғыз жолдың торабына орналасқан. Түгін тартса, майы шығатын осынау топырақта мыңдаған баһадүрлеріміздің қаны төгілген. Қазақтың соңғы ханы Кенесарының да айтулы шайқасы осында өткен. Олар қазақ халқының келешегі үшін күрескен», - дейді Мырзатай Жолдасбеков.
Түйіндей айтқанда, Елбасының қым-қуыт заманда Тәуелсіз мемлекет орнатуы да, тез арада Астананы көшіруі де - құбылыс. Ал ең бастысы осының бәрін Мәңгілік Ел орнату үшін жасап жатқанына бүгінде барша жұртшылықтың көзі жетіп отыр. Ал Мәңгілік Елдің өзегі - ел бірлігі. Сондықтан да, Мырзатай Жолдасбеков Елбасының арман-мұраты да - татулық, ынтымақ, бірлік пен тыныштық екенін алға тартады. «Президентіміз есепсіз көп нәрсені істеді. Тәуелсіздігімізді баянды етті. Абыройлы асулардан астық. Әлемдегі озық елдердің қатарына қосылдық. Халық өз Президентін жүрегінің төріне шығарды. Нұрсұлтан Әбішұлы - Елбасы. Ұлт намысының қамшыгері. Қазір әлемдік саясатты игеруде, экономиканы еңсеруде, өз халқының тарихын, тілін, мәдениетін білуде Президентке тең келетін адам жоқ. Еуразия кіндігінде ұлт пен ұлысты сүттей ұйытып, күнбе-күн келісім мен жарасым шамшырағын жағып отырған - қарқарадай Президентіміздің еңбегі», - дейді М. Жолдасбеков. Бұл ретте ол ұлтымыздың абыройына, киесіне айналған Президентіміз үшін мақтана алатын халық екенімізді, Н.Назарбаев - Қазақстанның паспортына, символына айналған адам екенін айтып, Елбасының ендігі арманы - Ұлы Далада Мәңгілік Ел орнату болып отырғанын алға тартады.
«Ұлы Далада Мәңгілік Ел орнату идеясы бүгін ғана туа қалған жоқ, ықылым замандардан бері, ел орнап, билік пайда болғалы бері жалғасын үзбей келе жатқан әлемдік құбылыс. Адам баласы өмір бойы жұмақ жерді, жұмақ елді, бақытты, еркіндікті іздеумен, аңсаумен келеді. Ол - арман, татулығы жарасқан, береке-бірліктің елін орнатудың, Мәңгі Ел орнатудың идеясы. Назарбаев бұл идеяны халқының байырғыдан бері жалғасып келе жатқан байтақ тарихынан алып отыр. Ол - қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман, Түркі дүниетанымындағы Өтүкен, халқымыз армандаған Жиделі Байсын; Асанқайғы желмаяға мініп шарқ-ұрып іздеген Жерұйық, бақытты өмір, баянды тіршілік. Қытайлар өзін Аспанасты еліміз дейді, яғни аспан асты, жер үсті еліміз деп отыр, Жапондар өздерін Күншығыс еліміз дейді, біз - Ұлы Дала еліміз. Кез келген мемлекетті дамытатын, халықты арманына жетелейтін күш - идея, идеология. Идеология дегеніміз - сол елдің бағдаршамы, адастырмайтын компасы. Егер ол болмаса кеме - мұхитта, ұшақ - көкте, адам жерде адасады. Арғы-бергі тарихта елім мәңгі болмасын деген бірде-бір мемлекет жоқ. Бәрі де соны армандаған. Бірақ жете алмаған. Мұны Елбасы білмей отырған жоқ, біліп айтып отыр. Бізге елді адастырмайтын компас керек болып отыр, елдің ілгергі үміті керек болып отыр, арманға жетелейтін жарқын идея, мемлекеттік идеология керек болып отыр. Бұл идеяны Н.Назарбаев елінің тәуелсіздігін қорғау үшін, Тәуелсіз Қазақстанды дамыту үшін ұсынып отыр, бабалар жеткізе алмаған арманға елін жеткізсем деп отыр», - дегенді алға тартады М. Жолдасбеков.
Оның айтуынша, «Егер сен Өтүкен қойнауында отырсаң, Мәңгі ел орнатар едің» деген сөзді «Күлтегін» жырынан да оқуға болады. Яғни, Мәңгі Ел орнатуды бабаларымыз Бумын, Естеми қағандар жетінші ғасырда-ақ аңсаған. Алайда, басараздық, алауыздықтың кесірінен қағанат құлап, олар арманына жете алмаған.
«Демек, Мәңгі ел орнату үшін алдымен жердің тұтастығы, елдің ынтымағы керек, ата тарихын ұрпақ санасына сіңіру керек, Ұлы Даланың тарихын сол Ұлы Даланың ұлы тұлғаларынан алып жазу керек. Мәңгілік Ел бір күнде орнай қалмайды. «Мәңгілік Ел» - өміршең, мәңгілік идея. Ол науқаншылықпен, жарлықпен, бұйрықпен орнамайды, ғасырлар бойы қалыптасады. Сол себепті, «Мәңгілік Ел» идеясын өткінші науқанға, еріккеннің ермегіне, жаяу жарысқа айналдырмау керек. Бұл идеяны ұлттың дүниетанымына, санасына сіңіру керек. Өйткені, ол - терең толғанатын, біліп, иінін қандырып жазатын, жылдар бойы тылсымы ашыла беретін ұлы құбылыс», - деп қайталайды М. Жолдасбеков.
Осылайша, Мырзатай Жолдасбеков «Елбасы өзінің Мәңгілік Ел идеясын мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан даналықты да, шешендікті де, көсемдікті де қайта жаңғырту үшін ұсынып отыр» деп пайымдайды. Ал бұл үшін не керек?
«Халқымыздың шешендігі мен даналығын қайта жаңғырту үшін Астанадан алдымен Төле бидің шешендік мектебін, Абайдың даналық мектебін ашып, дарынды балаларды жинап, сонда оқыту керек. Келешек үшін игілікті істің басы осы болады. Сосын Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы Дала елі» - Мәңгілік Ел» идеясы күрделілігімен, сан қырлылығымен ерекшеленеді. Бұл идеяны жүзеге асыру үшін терең, байыпты концепция керек. Оның ең басты шарттары: 1) мемлекет территориясының тұтастығы; 2) мемлекеттің қорғаныс қабілеті, ұлт қауіпсіздігі; 3) мемлекеттің тілі; 4) діні; 5) ізгілік, даналық ілімі, ұлы эпостары; 6) ата-дәстүр, атакәсіп; 7) халқының ынтымақ-бірлігі. Жуырда Парламент Мәжілісі «Мәңгілік Ел» идеясының заңнамалық негізін қабылдады. Ендігі міндет - осынау идеяның біртұтас жүйесін жасау. Ол жүйеде біздіңше халқымыздың өткеніне, бүгінгісіне қатысты тарихи-әлеуметтік, әдеби-мәдени, философиялық және экологиялық құндылықтардың қамтылғаны жөн», - деп түйіндейді Мырзатай Жолдасбеков.