Н.Назарбаев әлем елдеріне қорғаныс бюджеттерінің 1 пайызын БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарына арналған арнайы қорына аударуды ұсынды
«ХХІ ғасырда табысты мемлекет қару-жарақ арсеналымен емес, алдыңғы қатарлы идеяларды генерациялауымен және тартылыс орбитасын құруымен ерекшеленетін болады. Стокгольм зерттеу институтының мәліметтеріне сәйкес 2014 жылы барлық мемлекеттердің жиынтық әскери шығыстары 1,7 трлн. долларды немесе шамамен әлемдік ЖІӨ-нің 2,3 пайызынан асып жығылған. Сондықтан мен тағы да әрбір мемлекет жыл сайын өздерінің қорғаныс бюджеттерінің 1 пайызын БҰҰ-ның даму мақсаттарына арналған арнайы бюджетіне аудару туралы ұсыныс жасаймын», - деді ҚР Президенті.
Мемлекет басшысы өз сөзінде бүгінгі күні тарих әлем елдеріне баянды болашақ үшін бірігуге мүмкіндік беріп отырғандығын баса атап өтті.
«Біздің қолымыздан келетіні - адамзат үміттерінің заманауи қауіптер мен қатерлер қайраңына соғылуына жол бермеу. Қазақстан жаһандық даму ісіне барлық күш-жігері мен ресурстарын салуға дайын», - деп түйіндеді сөзін Елбасы.