Н.Назарбаев: Астанада игерілмей жатқан жерлерді инвесторларға беру қажет
Жер қаланың барынша маңызды экономикалық активі екендігін баса айтқан ҚР Президенті: «Бүгінде мендегі Бас прокуратура берген мәліметтерге сәйкес қалада жалпы көлемі 15 мың гектарды құрайтын 800-ден астам учаске игерілмей жатыр», - деді.
Осы ретте Мемлекет басшысы игерілмей жатқан аталған жерлерді алу бағытындағы жұмыстарды жүргізу қажеттігін баса айтты.
«Бүгінде сіздер 9 мың гектарды құрайтын 254 учаскені алдыңыздар және бұл жерлерді қуана алып, құрылыс жүргізетін инвесторларға беріңіздер», - деді Елбасы.
Астана әкімінің орынбасары Василий Крыловтың атап өтуінше, 2012 жылы елордада 22 мың гектар игерілмей жатқан жер болған. Өткен жылы оның 7 мыңы алынып, жартысы инвесторларға берілген.
«6,4 мың гектары мемлекет резервіне алынды. Біз бұл жерлерді бюджеттік нысандар салуға не болмаса мемлекет қажеттілігіне алынатын жерлердің орнына беретін қор ретінде сақтаймыз», - деді ол.
Президент Астанадағы игерілмей жатқан жерлер қоқыс алаңына айналғанын сынға алды. «Игерілмей жатқан бұл учаскелер қоқыс жинайтын жерге айналып кеткен. Міне, қараңыздаршы, Сулы жасыл желекте, басқа жерде емес қаланың ортасында, ең өтімді жерде құрылыс жүргізу үшін алынған учаске. Адамдар оның қоқыс жинайтын жер екендігін түсініп, қоқыстарын әкеліп тастайтын болды. Сен соны білесің бе? Бұл барып тұрған бассыздық қой», - деді Елбасы Астана әкімінің орынбасары В.Крыловқа қарата.
Мемлекет басшысының атап өтуінше, «Ажар» сауда орталығы артындағы жерде бес жыл бұрын үйлер сүріліп, орнына әлі ештеңе салынған жоқ. Меншік иелері құрылыс жұмыстарын жүргізуге құлықсыздық танытуда.