08:35, 05 Тамыз 2012 | GMT +5
Н.Назарбаев ауыр атлетші И. Ильинді Олимпиададағы сенімді жеңісімен құттықтады
АСТАНА. 5 тамыз. ҚазАқпарат - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев екі дүркін олимпиада чемпионы Илья Ильинге жеделхат жолдап, Лондондағы Олимпиялық ойындарда алтын медаль жеңіп алуымен құттықтады.

Бұл туралы Президенттің баспасөз қызметінен мәлім етті.
- Лондондағы ХХХ жазғы Олимпиялық ойындардың ауыр атлетика сынындағы тамаша жеңісіңмен құттықтаймын.
Әлем рекордын жаңартып және Олимпиаданың екінші алтынын жеңіп алып, сен сөзіңде тұратыныңды және әрқашан ең жоғары спорттық нәтижеге ұмтылатыныңды дәлелдедің. Жарыс алаңында сен қарсыластарыңа - әлемнің мықты ауыр атлеттеріне еш мүмкіндік қалдырмадың. Жарайсың!
Бұл зор табыс отандық спорт жылнамасына мәңгілікке енеді.
Саған жаңа жарқын жеңістер тілеймін, - делінген құттықтау жеделхатында.