12:55, 22 Сәуір 2013 | GMT +5
Н.Назарбаев: Қазақстан мен Швеция арасында үкіметаралық деңгейдегі іскерлік қарым-қатынасты күшейту маңызды
АСТАНА. 22 сәуір. ҚазАқпарат - Қазақстан мен Швеция арасында үкіметаралық деңгейдегі іскерлік қарым-қатынастарды күшейту маңызды.
Бұл туралы бүгін Ақордада 5 мемлекеттің елшісінен сенім грамоталарын қабылдаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.
Мемлекет басшысының атап өтуінше, Қазақстан мен Швеция Корольдігі арасындағы ынтымақтастықтың үлкен әлеуеті қалыптасып, саяси диалог орныққан.
«Мен өткен жылы желтоқсанда Швецияда Қазақстан Елшілігін ашу туралы жарлыққа қол қойдым. Бұл өзара іс-қимылымызды нығайтуға көмегін тигізеді деп санаймын», - деді Н.Назарбаев.
Сондай-ақ екі ел арасында үкіметаралық деңгейдегі іскерлік қарым-қатынастарды жандандыру жөніндегі жұмыстарды күшейту маңызды екендігіне тоқталған Мемлекет басшысы: «Бұл салада Қазақстан-Швеция сауда-экономикалық ынтымақтастығы жөніндегі Іскерлік кеңес үлкен рөл атқарады деп сенемін», - деді.