20:06, 17 Сәуір 2011 | GMT +5
Н.Назарбаев Көлік және коммуникация министрлігіне, барлық облыс әкімдеріне еліміздің транзиттік әлеуетін белсенді пайдалануды тапсырды
АСТАНА. 17 сәуір. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Көлік және коммуникация министрлігіне, барлық облыс әкімдеріне еліміздің транзиттік әлеуетін белсенді пайдалануды тапсырды.
Бұл тапсырманы Мемлекет басшысы бүгін ҚР Үкіметінің кеңейтілген мәжілісінде берді.
«Инвестицияның күрт ұлғаюы үшін біздің еліміздің алып транзиттік әлеуетін кеңінен пайдалану керек. Көлік және коммуникация министрлігінің жаңа басшысы, барлық облыс әкімдері ел аумағы арқылы тауарлардың, жұмыс күштерінің, адамдардың, әсіресе туристердің еркін қозғалуына барынша қолдау көрсету жолдарын белсенді іздестіруі керек», - деді Н.Назарбаев.
Елбасының пайымдауынша, көлік дәліздерін дамыту бойынша өңірлік, мемлекетаралық ынтымақтастықты, әсіресе интеграциялық келісім аясында белсенді дамыту қажет. Елдің шығысында Қорғас, батысында Ақтау айлағы шынайы экономикалық аймаққа, яғни еліміздің ашық қақпасына айналуы керек.