Н.Назарбаев ҚР күш құрылымдарының алдына ортаазия өңірі елдеріндегі серіктестерімен өзара іс-қимылды күшейту міндетін қойды

АСТАНА. 14 қараша. ҚазАқпарат - Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлады ҚР Президентінің баспасөз қызметі.
None
None

Отырыс барысында Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов пен «Сырбар» сыртқы барлау қызметінің директоры Аманжол Жанқұлиев Мемлекет басшысына Қазақстан мен Орта Азиядағы өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге байланысты проблемалық мәселелер жөнінде баяндады.

Қазақстан Президенті қалыптасқан жағдайға баға берді және барлық өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін негізгі шаралар кешенін белгілеп берді.

- Біздің өңірде қалыптасқан жағдайды жете қарастыру қажет. Өзара қарым-қатынастардың одан әрі дамуы жүйелі талдауды, ұдайы мониторингті және стратегиялық шешімдер әзірлеуді талап етеді. Еліміздің ұлттық мүддесін тиімді қорғау үшін халықаралық саясаттың басымдықтарын анықтау маңызды, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.        

Сонымен бірге, Мемлекет басшысы суды пайдалану, энергетика мен көлік салаларында кездесетін проблеманы шешудің, сондай-ақ біздің мемлекеттердің мүддесін ескере отырып, бірлескен экономикалық жобаларды әзірлеудің және іске асырудың маңызды екенін атап көрсетті. Осыған байланысты көрші елдермен экономикалық кооперацияны кеңейту жөнінде келешек қадамдар анықталды.

Бұдан басқа, отырыста лаңкестікпен, діни экстремизммен және заңсыз есірткі айналымымен күресті жандандыруға ерекше назар аударылды. Біздің өңірде қалыптасқан жағдай, сондай-ақ 2014 жылы Ауғанстаннан халықаралық коалиция әскерлерінің негізгі бөлімдерінің шығарылуына байланысты оның даму мүмкіндігінің болжамы жоғарыда атап өткен қауіп-қатерлерге барынша назар аударуды талап етеді. Осыған орай, Мемлекет басшысы Қазақстанның күш құрылымдарының алдына ортаазия өңірі елдеріндегі серіктестерімен өзара іс-қимылды күшейту міндетін қойды.

Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында өңірлік және халықаралық қауіпсіздіктің өзге мәселелері қаралды.  

Талқылаудың қорытындысы бойынша Нұрсұлтан Назарбаев тиісті мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар берді. 

Соңғы жаңалықтар