Н.Назарбаев «Нұр Отан» партиясының алдына 2020 жылға дейінгі Стратегияның жүзеге асырылуын бақылауды күшейтуге қатысты бірқатар міндеттер қойды
Жиынға Бюро мүшелері, Президент Әкімшілігінің өкілдері, Үкімет мүшелері қатысты.
Мәжілістің күнтәртібіне Президенттің «Жаңа онжылдық - жаңа экономикалық өрлеу - Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында берілген міндеттер мен «Нұр Отан» ХДП кезектен тыс XII съезінің шешімдерін жүзеге асыру барысы шығарылды, делінген партияның баспасөз баянында.
Партия бүгінде Үкіметпен және «Нұр Отан» ХДП Парламенттегі фракциясымен бірлесіп қарқынды жүзеге асырыла бастаған нақты іс-әрекеттер жоспарын қабылдағаны атап өтілді. Бұл жұмысқа бастауыш партия ұйымынан бастап, партияның барлық құрылымдары жұмылдырылды. Әсіресе, партияның өңірлердегі жұмысына баса назар аударылып отыр.
Сондай-ақ, партия мемлекеттік органдармен бірге Мемлекет басшысының Жолдауын, Қазақстанның 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарын және «Нұр Отан» ХДП Халықтық Тұғырнамасын жүзеге асыру жұмыстарын үйлестірді.
Таяу уақытта «Нұр Отан» партиясы мемлекеттік және жалға берілетін пәтерлерді бөлу, білім беруді дамыту бағдарламасының жобасы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, агроөнеркәсіп кешені, сондай-ақ энергиямен қамту және энергия тиімділігі тәрізді мәселелерді кең көлемде талқылауға шығаруды жоспарлап отыр.
Партиялық-саяси жұмысты жетілдіру мақсатында Жоғары партиялық мектебі құрылды. Онда партияның орталық және өңірлік органдарындағы партия жетекшілері оқитын болады.
Ел Президенті, «Нұр Отан» партиясының жетекшісі Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде партияның жұмысына оң баға бере келе, соңғы уақытта партияның орталық және аймақтық деңгейлерде көп істер атқарғанын, көптеген қызықты жобалар жүзеге асырылып жатқанын, партиялық бақылаудың тиімділігін атап көрсетті.
Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ нұротандықтардың алдына бірқатар міндеттер, оның ішінде ең алдымен, Қазақстанның 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарының жүзеге асырылуына партиялық бақылауды күшейтуге, сонымен бірге партиялық-саяси жұмыстарды жетілдіруге қатысты міндеттер қойды.