Н. Назарбаев пен Король Абдалла II Амманда өткен Қазақстан өнер шеберлерінің концертін тамашалады

Иордания Королі Абдалла II бен Хусейнмен бірге Өлі теңіздің жағасындағы Король Хусейн бен Талал атындағы Конгресс орталықта өткен Қазақстан өнер шеберлерінің концертін тамашалады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақстанның Иорданиядағы Мәдениет күндерін өткізу туралы шешім Король Абдалла II-нің 2007 жылы Қазақстанға жасаған ресми сапары барысында қабылданған болатын.
Гала концертте Дінзухра Тілендиеваның дирижерлігімен «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрі Құрманғазының «Серпер» күйін орындады. Сонымен қатар, концертке Бекболат Тілеухан, Айгүл Үлкенбаева, Шұғыла, Талғат Мұсабаев, Нұрболат Арзамасұлы және тағы да басқа танымал өнерпаздар қатысты. Концерттік бағдарламада қазақтың халық әндері шырқалып, күйлері тартылды, ұлттық билері, Еуропаның классикалық шығармалары орындалды. Концерттік бағдарлама Н. Назарбаев пен Б. Тілеуханның «Елім менің» әнімен аяқталды. Иордандықтар қазақ өнерпаздарына зор ілтипат білдірді.
Айта кетейік, Қазақстанның Иорданиядағы Мәдениет күндері аясында Амманда көрме ұйымдастырылды. Оған археологиялық зерттеулер кезінде Қазақстанның әр аймақтарынан табылған алтын, әшекей, зергерлік бұйымдар, жалпы қазақ халқының мәуелі мәдениетінен, терең тарихынан сыр шертетін жәдігерлер қойылған. Олардың арасында осыдан екі жарым мың жыл бұрын өмір сүрген сақ ханзадасының алтын киімі де бар.