Н.Назарбаев Шымкентте мақта целлюлозасын шығаратын бірегей кәсіпорында болды

ШЫМКЕНТ. Қыркүйектің 28-і. ҚазАқпарат /Татьяна Пылаева/ - Оңтүстік Қазақстан облысында жұмыс сапарымен жүрген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Оңтүстік» арнайы экономикалық аумағында жүзеге асырылған бірегей кәсіпорында -«Мақтаөнеркәсіпцеллюлоза» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болды.
None
None

«Бұл жоба бірегей, Қазақстанда мұндай басқа өнеркәсіп жоқ. Ол гигроскопиялық мақта, мақта целлюлозасы және құрамында мақта бар шикізаттан карбоксиметилцеллюлозасы өнімдерін шығаруға бағытталған», - деді «Мақтаөнеркәсіпцеллюлоза» ЖШС-нің бас директоры Қайнар Абасов.

Ол сондай-ақ, жобаның негізгі мақсаты - жергілікті шикізаттың негізінде жаңа әлемдік технологияларды енгізу екенін атап көрсетті. «Өндіріс облыста өндірілетін мақта шикізатына негізделетін болады және бұл мәселе Қазақстанның мақта кластерін дамытуға қосымша стимул болады», дейді кәсіпорын басшысы. Оның айтуынша, өндірілетін өнімнің 70 пайызға жуығын экспорттау жоспарлануда. Атап айтқанда, Ресей, Қытай елдеріне экспортталады.

Жаңа кәсіпорында 217 жұмыс орны құрылып отыр. «Оңтүстік» арнайы экономикалық аумағының ақпараты бойынша, жобаның құны - 3 миллиард 850 миллион теңге шамасында. Бұл соманың 1 миллиард 660 миллион теңгесі - кәсіпорынның өз қаражаты, 1 миллиард 815 миллион теңгесі - «БРК - Лизинг» акционерлік қоғамынікі, 375 миллион теңгесі- екінші деңгейлі банктердікі.

Елбасы осы кәсіпорынды аралап шыққаннан кейін, брифинг береді деп күтілуде.

Соңғы жаңалықтар