Н.Назарбаев Спасск полигонында өткен жаттығуларда көзге түскен жауынгерлерді Жоғарғы Бас қолбасшының атаулы сағаттарымен марапаттады

Бұрын хабарланғандай, Мемлекет басшысы Қарағанды облысына жасаған жұмыс сапары барысында «Спасск» орталығының полигонында арнайы бөлімшелердің іс-қимылымен танысты.
Тактикалық жаттығулар кезінде әскерилер күзет блогындағы взвод жұмысының үйлесімін, шабуылдаушы бөлімшелерді десанттау, резерв бөлімшелерінің тегеурінді шабуылы мен әскери авиация тікұшақтарының әскерлерге қолдау көрсету әдістерін көрсетті.
«Көз алдымда өткен жағдайдың барлығына менің көңілім толды. Барлықтарыңызға алғыс айтамын. Мен жаттығуға қатысқан барлық жауынгерлерді әскерилерге тән әртүрлі құрметпен марапаттауға бұйрық бердім», - деді Н.Назарбаев.
Өз кезегінде Жоғарғы Бас қолбасшысының қолынан жаттығуда көзге түскен үш жауынгер атаулы сағаттармен марапатталды. «Бізде білімді әскерлер болуы керек. Қазір әскерді жаңа техникамен қамтамасыз ету мәселесі тұр. Алайда білімді мамандар болмаса, техниканың бір өзі ешқандай табыс әкелмейді», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.
«Біздің Отанымыз гүлденіп, тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын», -деп түйіндеді сөзін Елбасы Н.Назарбаев.