Н.Назарбаев «Тіл жанашыры-2009» төсбелгісімен марапатталды

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Байқау комиссиясының шешіміне орай «Тіл жанашыры-2009» наградасының №1 төсбелгісімен ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев марапатталды. Елбасының Алматы қаласына жұмыс сапарында болуына байланысты аталған жоғары награда ҚР Президенті Кеңсесінің бастығы Махмұт Қасымбековке тапсырылды. Одан басқа ҚР Жоғарғы сот төрағасы Мұсабек Әлімбеков, Солтүстік Қазақстан облысындағы №26 мектептің қазақ тілі мұғалімі Людмила Милютина және басқа мемлекеттік органдардың қызметкерлері, барлығы 25 адам «Тіл жанашыры - 2009» байқауының жеңімпазы атанып, арнайы төсбелгілерімен марапатталды. Жалпы, байқауға қатысу үшін 400-ге жуық өтініш түскен болатын.
Байқау жеңімпаздарын марапаттаған академик Мырзатай Серғалиев еліміздегі тіл саясатының оңтайлы жүзеге асырылып жатқандығына тоқталып, қазақ тілінің табиғаты мен бай мұрасын ерекше атап өтті. «Тіл - ол халықтың ар-ожданы, ел тіршілігінің белгісі. Тіл - кішкентай сөз түсіністігінен бастап, үлкен соғыстарды шешуге жол ашатын, халықтарды туыс қылып, достастыратын құрал. Бүгінде қазақ тілі осы қызметті атқаруға кірісті. Біздің елімізде қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде басқа халықтар мен этностардың тілдерін туыстырушы, солардың дамуына мүмкіндік жасаушы, бүкіл халықтың сөйлеу тілі болуға лайық екендігін дәлелдеді», - деді ол.
Айта кетейік, «Тіл жанашыры - 2009» байқауының ұйымдастырушылары - ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитеті, «Тіл жанашыры» бірлестігі және «Тіл» журналы. Басты демеуші - «Алтын софт» компаниясы.