Н.Назарбаев: Үкіметтің және барлық мемлекеттік органдардың басты міндеті - халқымыздың әл-ауқатын жақсартуды қамтамасыз ету
Өз сөзінде Президент Үкіметтің және барлық мемлекеттік органдардың басты міндеті - халқымыздың әл-ауқатын жақсартуды қамтамасыз ету болуы қажеттігін атап өтті. Таяу бесжылдықта Қазақстан табысы жоғары деңгейлі елдер тобына енуі қажет. 2016 жылға қарай ЖІӨ деңгейі жан басына шаққанда кемінде 15 мың долларға жетуі тиіс. Бұл үшін экономика жыл сайын кемінде 7 пайыздық өсім көрсету керек.
Мемлекет басшысы принципті түрде алғанда, Үкіметтің және әкімдердің жаңа міндеті - шағын және орта бизнесті, шикізат емес секторды жіті дамыту есебінен экономиканың жыл сайынғы өсімін тағы да қосымша 3 пайызға жеткізуді қамтамасыз ету болып табылатынын атап көрсетті.
Нұрсұлтан Назарбаев аталған міндеттерді шешудің үш көзі барын атап өтті: инвестиция тарту; инновацияны енгізу; мемлекеттік және қоғамдық институттардың тиімділігін арттыру.
Индустриялық-инновациялық бағдарлама Үкіметтің басты жұмысы болып қала береді. Өткен жылғы қарқын мен бақылау босаңсымай, күшейтілуі керек. Бағдарламаны іске асыру шағын және орта бизнестің дамуына жағдай жасайтын болады.
Мемлекет басшысы кәсіпкерлерден сот жүйесіндегі, жергілікті билік органдарындағы, қаржы полициясындағы сыбайластыққа байланысты шағымдар түсіп жатқанына тоқталып өтті. Мемлекеттік органдардың бақылау-қадағалау міндеттерінің тізбесін қысқарту ісі баяу жүргізілуде. Тәуекелдерді басқару жүйесін енгізуде тексерістерді тиісінше қысқартуды талап ететін «Жеке кәсіпкерлік туралы» және «Мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» заңдар қабылданды. Президент осы мәселені шешу қажеттігіне тоқталды.
Мемлекет басшысы кеңеске қатысушылардың назарын бағаның өсуіне, оның ішінде азық-түлік бағасының өсіп кетуіне аударды. БҰҰ халықаралық азық-түлік ұйымының мәліметтері бойынша, әлемде азық-түлікті тұтыну бағасы артуда. Алайда Қазақстан өнімдерді және оны өңдеуді ұлғайтуға инвестиция тарту арқылы осы тығырықтан жол тауып шығуы керек. Қазақстан - өзін-өзі және ауыл шаруашылығы өнімдерін дамытуды қамтамасыз ете алатын бірден-бір ел. Сондықтан 2020 аграрлық нарығы - индустрияландыру бағдарламасының перспективалық басымдықтарының бірі.
Аграрлық сектор және азық-түлік мәселесі бойынша барлық жұмысты Президент Ө.Шөкеев пен жаңадан тағайындалған Ауыл шаруашылығы министрі А.Мамытбековке тапсырды.
Мемлекет басшысы сондай-ақ жүкті жедел ресімдеу, елдің транзиттік мүмкіндігін дамытуда мемлекеттік-жеке меншік әріптестікті енгізу мәселесін шешу жөнінде ұсыныстарды қарауға енгізуді Үкіметке жүктеді.
Нұрсұлтан Назарбаев инвестицияның күрт ұлғаюы үшін біздің еліміздің алып транзиттік әлеуетін кеңінен пайдалану керектігін атап көрсетті. Көлік және коммуникация министрлігінің жаңа басшысы, барлық облыс әкімдері ел аумағы арқылы тауарлардың, жұмыс күштерінің, адамдардың, әсіресе туристердің еркін қозғалуына барынша қолдау көрсету жолдарын белсенді іздестіруі керек. Көлік дәліздерін дамыту бойынша өңірлік, мемлекетаралық ынтымақтастықты, әсіресе интеграциялық келісім аясында белсенді дамыту қажет. Елдің шығысында Қорғас, батысында Ақтау айлағы шынайы экономикалық аймаққа, яғни Қазақстанның ашық қақпасына айналуы керек. Үкімет еркін экономикалық аймақты дамытуды тежеу себептерін талдауы және жоюы тиіс. Үкімет ұлттық авиатасымалдаушы компанияны заманауи әуе лайнерлерімен толықтырып, азаматтық авиация істерінде бәскелестікті дамытуы қажет.
Мемлекет басшысы Кеден одағы мен БЭК жағдайында Қазақстан бәсекелестікке мемлекет ретінде ғана емес, сондай-ақ облыстар, салалар мен компаниялар деңгейінде түскенін атап өтті. Сондықтан салааралық және облысаралық кооперацияны қамтамасыз ету маңызды. Бұл міндетті 2020 жылға дейінгі аумақтық-кеңістікті дамытудағы болжамды схема шешуі қажет.
Өз сөзінде Президент бүгінде дамудың саналы стратегиясы бар елдің бәрі инновация бойынша бәсекеге түскенін айтты. Қазақстан одан сыртқары қалмауы керек. Инновация болашаққа жол - жалпыұлттық басымдық ретінде жария етілген болатын.
Президент бұл мақсатта жетістіктерге жету үшін Қазақстан әлемдік деңгейдегі білім орталығына айналуы керектігін атап көрсетті. Экономикалық прогресс - бұл бірінші кезекте, таланттар. Талантты адамдарды тауып, дамытып, жұмысқа тартып, пайдалану керек. Олар инновациялық ақыл-ойды қалыптастырады. Бәрінен бұрын, «Болашақ» бағдарламасының әлеуетін пайдалану керек.
Мемлекет басшысы сондай-ақ мемлекеттік және қоғамдық институттардың тиімділігін арттыру қажеттігін, кадрлық саясатты, сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейтуді, Қазақстанның құқықтық жүйесін дамытуды, мемлекеттік қызмет сапасын арттыруды, өңірлік және фискальдық саясаттың жүргізілуін, жергілікті өзін-өзі басқаруды белсенді дамытуды атап өтті.
Президент кеңеске қатысушылардың алдына бірқатар нақты тапсырмалар қойды.
Кеңесте сондай-ақ Премьер-Министрдің орынбасары - Индустрия және жаңа технологиялар министрі Ә.Исекешев, Маңғыстау облысының әкімі Қ.Көшербаев, Парламент Сенатының депутаты А.Башмаков, Қостанай облысының әкімі С.Кулагин сөз сөйледі.
Кеңес соңында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К.Мәсімов сөз сөйледі:
- Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Бұдан екі апта бұрын бүкілхалықтық сайлауда Сіз қазақстандықтардың 95,5 пайыз қолдауына ие болдыңыз. Менің Сізді осы залда отырғандардың атынан тағы да осы теңдессіз жеңісіңізбен құттықтағым келеді. Екі аптаның ішінде Сіз барлық атқарушы биліктің органдарын қалыптастырып, қайта бекіттіңіз. Үкіметке толық құрамда, жеке маған Үкімет басшысы ретінде Сіз жоғары сенім мандатын бердіңіз. Сіздің тапсырмаңыз бойынша біз Президент Әкімшлігінің Басшысы Аслан Есболайұлы Мусин екеуіміз барлық облыста болып қайттық. Барлық облыстағы активтердің отырысында сезінгенімдей, атмосфера осы 95,5 пайызды нақты айқын көрсеткенін атап айтқым келеді. Бұл 100 пайызға анық сезінді. Сондықтан Сізге берілген сенім мандаты және Сіз атқарушы билікке берген тапсырмалар, бұл біздің алдымызға өте жоғары талаптар қояды. Сіздің тарапыңыздан Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму Стратегиясында, 2020 жылға дейінгі Стратегиялық жоспарда, Сіздің биылғы жылғы қаңтардағы Жолдауыңызда, «Нұр Отан» ХДП съезінде сөйлеген сөзіңізде, ұлықтау рәсіміндегі сөзіңізде алға қойған міндеттер бүгін де өте маңызды. Мен осы залда отырғандардың атынан ол міндеттер қатаң бақылауға алынатынына Сізді сендіргім келеді. Ертең Үкіметтің арнайы отырысы өтетін болады. Сіз берген барлық тапсырма орындалатынын айтқым келеді. Қазақстанның Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай бүгін алға қойған міндеттер де орындалатын болады. Біз сіздің алдыңызда есеп береміз. Үлкен сенім білдіргеніңіз үшін рахмет!