Н.Назарбаев: Жаһандық орнықты даму мен өсіп-өркендеуге сай келетін ұлтүстілік әлемдік валюта әзірлеу бағытындағы БҰҰ-ға мүше елдердің күш-жігерін біріктіру қажет
«Жобасы Астана Экономикалық форумы аясында қызу талқыланып келе жатқан Дағдарысқа қарсы дүниежүзілік жоспар идеясы өте өзекті болып көрінеді. Әлемді алаңдатып отырған маңызды мәселелер - терроризм, мемлекеттердің күйреуі, көші-қон және өзге де келеңсіз құбылыстар экономикалық дағдарыстың, кедейшіліктің, сауатсыздық пен жұмыссыздықтың салдарлары болып табылады», - деді Елбасы. ҚР Президенті жаһандық дағдарыспен күресті қазіргі кезде заңдылық, демократиялылық, бәсекелестік, тиімділік және халықаралық бақылау ұстанымдарына сай келмей отырған эмиссия мен әлемнің резервтік валюталары айналымын реттеуден бастау қажеттігін айрықша атап өтті. «ХХI ғасырда әлемге сапалық тұрғыдан жаңа қаржы құралдары керек. Жаһандық орнықты даму мен өсіп-өркендеудің мақсаттары мен міндеттеріне сай келетін ұлтүстілік әлемдік валюта әзірлеу бағытындағы Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше елдердің күш-жігерін біріктіру қажет», - деді Н.Назарбаев.