Н. Назарбаев жапондық компанияларды «Астана» халықаралық қаржы орталығына белсенді қатысуға шақырды
Бүгін Жапония Премьер-Министрі Синдзо Абэнің елімізге сапары аясында Астанада өткен Қазақстан-Жапония бизнес форумы барысында сөз сөйлеген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлімдеді. Сөз арасында Мемлекет басшысы «Болашақ энергиясы» тақырыбында өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі екі елдің ынтымақтастық аясын кеңейте түсетінін айтып, аталмыш тақырып аясында Қазақстан экологияны қорғауға өз үлесін қосатынын, таза энергияның орнықтылығына қолжетімділікті қамтамасыз ету жайы қарастырылатынын атап өтті. «Көрмеге қатысатынын қазіргі таңда 42 мемлекет пен 4 халықаралық ұйым ресми түрде растады. Жапония Үкіметі де ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысатынын құптады, бұл үшін ризашылық білдіреміз. Осы ретте Жапонияның осынау халықаралық көрмені өткізудегі басымдық жасалған 20 мемлекеттер тобының тізіміне енетінін атап өткім келеді» , - деді Н. Назарбаев.
Бұдан бөлек, Елбасы ЭКСПО-қалашығы базасында «Астана» халықаралық қаржы орталығы да құрылатынын, ол әлемдегі ең озық АҚШ, Сингапур, Ұлыбритания қаржы нарықтарының үлгілерін өзіне қамтитынын атап өтті.
«Бұған қатысу үшін теңдессіз жағдайлар жасалуда. Ағылшын тілінде іс жүргізу, соның ішінде сот ісін жүргізу, қатынастарды реттеу қарастырылып жатыр. Ондағы инвестициялық даулар халықаралық судьялардың қарауына жататын болады. Орталық қатысушылары ұзақ мерзімге корпоративтік, жеке және табыс салықтарынан босатылады. Олар жұмысқа шетелдік жұмыс күштерін рұқсат алусыз да тарта алады. Орталықтың қатысушы қызметкерлері мен олардың отбасыларына жеңілдетілген визалық режим бекітіледі. Осы айтылған шарттарды, сонымен қатар, Астана қаласының инфрақұрылымын есепке алсақ, халықаралық қаржылық орталықтың мықты буынын құру мүмкіндігі бізде баршылық. Біз жапондық компаниялардың бұл жобаға белсенді қатысуын күтеміз», - деп түйіндеді Нұрсұлтан Назарбаев.