Н. Назарбаевтың стратегиялық жоспары Өзбекстан Президентін тәнті етті

«Көршің тату болса көңілің тоқ болар», демекші кеңқолтық қазақ елі ежелден жақын көрші елдермен бейбіт, тату болу саясатын ұстанған. Соның ішінде «қазақ қырғыз бір туған», деп Қырғызстанды, «өзбек өз ағамыз», деп Өзбек елін туыс, бауыр тартады. Ең әуелі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Өзбекстанның тарихи және мәдени тұрғыдан жақын елдер екеніне тоқталып өтті.
- Көрші болғандықтан, біз тәуелсіздік жағдайында қарым-қатынасымызды дұрыс құра білдік. Қазақстан Өзбекстанның барлық бастамаларын қолдайды. Біз екі елдің достығын нығайтуға, сауданы ұлғайтуға, өзара қарым-қатынастарды ішкі және сыртқы қауіпсіздік мәселелері мен өзге де бағыттар бойынша дамытуға ниеттіміз. Біздің елдеріміз қазір осы келіссөздерді жіті бақылап отыр, өйткені, бүкіл өңірдегі тұрақтылық пен даму Қазақстан мен Өзбекстанның ұстанымдарына, өзара жұмысына байланысты, - деді Қазақстан басшысы.
Өзбекстан Президенті өз кезегінде екі елдің ауыр сынақтарда бірге екендігін айтты.
- Бүгінде әлемдегі жағдай қарқынды өзгеріп жатыр. Мұндай жағдайда әрбір ел өзіне таяныш іздейді, жоспарларын нақтылайды және таяу көршілеріне арқа сүйейді. Қазақстан - біз үшін ең жақын ел, ауыр сынақтар мен қуанышты күндері ылғи да бізбен бірге болған жақын халық. Біз әрдайым бір-бірімізге көмекке келдік. Өркендеу жолына сенімді қадам басып бара жатқан Қазақ халқына зор құрметімді білдіргім келеді. Бізге «сағатымызды теңестіріп», алдағы перспективаларды анықтау үшін жиі кездесіп отыру қажет, - деді И. Каримов.
Кеңейтілген құрамдағы келіссөзден кейін Мемлекет басшыларының бірлескен мәлімдемесінде Н.Назарбаев халықаралық күн тәртібіндегі негізгі тұстар қарастырылғанын айтты. Біз Украинадағы, Ауғанстандағы, Сирия мен Ирактағы жағдайды талқыладық. Қазақстан мен Өзбекстан бірін бірі халықаралық аренада бұдан әрі де қолдауға ниетті. Бірлескен, соның ішінде, БҰҰ, ЕҚЫҰ, ТМД, ШЫҰ, АӨСШК, ИЫҰ және басқа да құрылымдар аясындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға белсене қатысатын боламыз. Халықаралық терроризм мен діни экстремизмге қарсы бірлесіп қарсы тұруымыз да маңызды болып қала береді, - деді Қазақстан Президенті.
Өзбекстан Президентінің бұл сапары екі Мемлекет басшыларының былтырғы жылы Ташкентте өткен кездесуінің заңды жалғасы. «Өзбекстан Қазақстанның белсенді сыртқы саяси ұстанымы мен Нұрсұлтан Назарбаевтың өңірлік және халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға, елдің халықаралық аренадағы беделі мен рөлін көтеруге бағытталған бастамаларын қолдайтынын айтты. Біз бүгінгі келіссөздерде ұзақ мерзімді стратегиялық және ұлттық басымдықтарымыздың ұқсастығы мен мызғымастығына деген сенімді атап көрсеттік, алдымызда тұрған ауқымды мақсаттар мен міндеттерді келісіп, бірлесіп шешуге деген саяси ерік-жігер мен екіжақты ұстанымды растадық. Біз Өзбекстанда тарихи қалыптасқан және өмірмен дәлелденген достық және көршілік қарым-қатынастарды жоғары бағалаймыз. Халықтарымыздың түп-тамыры, тілі мен дәстүрлері, ортақ мүдделері бізді бұрыннан байланыстырып келеді. Бүгіндегі әлемдегі күрделі ахуал мен өзекті мәселелерді ескере отырып, тереңде жатқан байланыстарымызды ұмытпай, ортақ құндылықтардың дамуы мен жандануын назарда ұстауымыз қажет», - деді И.Каримов.
Қазақстан Президенті Н.Назарбаев Орталық Азия өңіріндегі, төңіректегі жағдайларды ескере отырып, бірқатар мәселе бойынша келіссөз жүргізілгенін жеткізді. «Біздің өңірдегі ахуал мен айналамызда болып жатқан оқиғалардың дамуына қатысты байыпты, ашық әрі сенімді пікір алмасу болды. Біздің қадамдарымыз көптеген аспектілер бойынша сәйкес келетіндігі қуантатынын атап өткен жөн. Бұл - өңірдегі су мәселесіне де қатысты. Осынау аса маңызды саладағы ынтымақтастық тек өзара сенім негізінде ғана мүмкін болмақ. Сондай-ақ, транспаренттілікті және өңірдің бірде-бір елін қалыс қалдырмастан, мүдделерін ескеруді қамтамасыз ету қажет», - деді Қазақстан Президенті.
Қазақстан басшысы, сонымен қатар, сауда-экономикалық ынтымақтастықтың перспективаларын өзара сауданың орнықты өсімі байқатып отырғанына назар аударды. «Тауар айналымының ұдайы өсімі осының жарқын айғағы болып табылады. 2005 жылдан 2013 жылға дейін ол 4 есеге өсіп, 2 миллиард доллардан асты. Ал 9 айда 1,5 миллиард доллардан асып үлгерді. Мұндай қарқын екі мемлекет экономикаларының орнықты өсімі мен жалпы өңірдегі ынтымақтастықтың нығаюына байланысты. Біздің тапсырмамызбен құрылған Іскерлік кеңестің бірінші отырысын өткізу де маңызды болып отыр», - деді бұл орайда Н.Назарбаев.
Брифинг барысында Өзбекстан Президенті Әмудария мен Сырдария өзендерінің жоғарғы сағасына жаңа гидротехникалық нысан салуға қатысты ортақ ұстанымды мемлекет басшылары растағанын айтты. Оның айтуынша, Сырдария мен Әмударияға гидротехникалық құрылыстар салу БҰҰ-ның халықаралық құқықтары мен нормаларының жалпы танылған нормаларына сәйкес жүзеге асырылуы тиіс, өзеннің төменгі сағасында орналасқан елдермен келісілуі тиіс. «Бүгін біз Сырдария мен Әмудария өзендерінің бастау алар тұсына жаңа гидротехникалық құрылыстар салуға қатысты ортақ ұстанымымызды қуаттадық», деді ол бұл турасында.
И.Каримов Қазақстан тарапының Аралды құтқару халықаралық қорына Өзбекстанның төрағалығына қолдау білдіргені үшін алғысын білдіріп, «Арал теңізі бассейніндегі елдерге көмек көрсету бағдарламасын» жүзеге асыру аясында бірлескен күш-жігер жұмсауға дайын екендігін айтты. Өзбекстан Президенті, сонымен қатар, тараптардың мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты әрі қарай дамытуға уағдаласқанын, бұл халықтарды жақындастырудың маңызды факторы болып табылатынын атап өтті.
Сонымен, Қазақстан мен Өзбекстан Президенттері келіссөздерінің қорытындысы бойынша бірқатар құжаттарға, атап айтқанда, «1997 жылғы 2 маусымдағы Өнеркәсіптік меншіктерді қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімге өзгерістер енгізу туралы» хаттамаға және «Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Өзбекстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі арасындағы 2015-2016 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасына» қол қойылды.
Өзбекстан президентінің ресми сапары «Тұңғыш Президент күні» мерекесі қарсаңында өткендгін айта кету керек. Осы орайда көрші ел басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси көрегендігіне, стратегиялық жоспарларына тәнті екендігін жеткізді. «Көптеген адамдар, жылдар өте келе, ақыл кіріп, кемеңгерге айналады. Ал Сізге, Нұрсұлтан Әбішұлы, бала кезден даналық дарыған десем, жаңылмаспын. Мен көреген көзқарастарыңызды, істеріңізді қайта-қайта мойындауға мәжбүрмін» деді Ислам Кәрімов.
«Досы көпті жау алмайды», дейді халқымыз. Екі елдің достық туы мәңгі желбірей берсін!