Н. Нығматулин: Қазақстан және Беларусь парламенттері интеграциялық үдерістерді заңдық тұрғыдан қамтамасыз етеді
Кездесу барысында тараптар екі ел қарым-қатынасының стратегиялық маңызына назар аударып, Қазақстан мен Беларусь көшбасшыларының қызметі саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдетуге, тұрақты дамытуға бағытталып келе жатқанына тоқталды. Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметінен хабарланды.
Сонымен қатар, кездесуде Анатолий Рубинов Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жүргізген маңызды реформаларды бүкіл әлемдік қауымдастық мойындағанын алға тарта келіп, Елбасының кемеңгер саясатына ерекше назар аударды. «Бұл ең алдымен, түрлі салада жоғары қарқынмен дамып келе жатқан қазақстандық экономикаға және Астана құрылысының қарқынына қатысты деп білемін»,-деді Анатолий Рубинов.
Өз кезегінде Нұрлан Нығматулин, Елбасының «Қазақстан - 2050» Стратегиясы еліміздің табысты дамуы жолында тағы да зор мүмкіндіктер ашатынын баса айтты.
Бұдан бөлек, Тараптар Кедендік одақ аясында өзара тиімді байланыстарды саралады. Жалпы алғанда, 2012 жылдың қорытындысы бойынша, екіжақты тауар айналымы 760 млн. АҚШ долларынан асқан. Мәжіліс Төрағасы Қазақстан мен Беларусь мемлекеттерінің Кедендік одақ аясында аймақаралық әріптестікті нығайту мен инвестициялар тарту болашағының зор екендігін атап өтті. «Қазақстан және Беларусь парламенттері алдағы уақытта да интеграциялық үдерістерді заңдық тұрғыдан қамтамасыз етеді»,-деді Нұрлан Нығматулин.
Сонымен қатар, Нұрлан Нығматулин мен Анатолий Рубинов парламенттік салалық комитеттер мен әріптестік жөніндегі топтар арасында өзара әрекеттестікті нығайтудың қажеттілігін атап өтті. Тиісті өкілетті топтар екі елдің парламенттерінде де жұмыс істейді. Кездесу соңында Мәжіліс Төрағасы Беларусь Ұлттық Жиналысы Республика Кеңесі төрағасының сапары екі ел парламенттері арасындағы өзара түсіністік пен саяси сұхбатты нығайтуға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.