Н.Нығматулин: қазақстандық парламент өкілдері Ұлыбритандық әріптестерімен ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі

АСТАНА. 29 сәуір. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин Ұлыбританияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Кэролин Браунды қабылдады.
None
None

Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметінен хабарланды.

Кездесу барысында тараптар қос елдің екі жақты қарым-қатынасты стратегиялық әріптестіктің жаңа сапалық деңгейіне көтеруге деген ұмтылысына жоғары баға берді.

Бүгінгі күні Ұлыбритания Қазақстан экономикасындағы ірі инвестордың бірі болып табылады. Білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастық жақсы дамып келеді. Қазіргі уақытта британдық ЖОО-да 4 мыңнан астам қазақстандық студенттер білім алып жатыр, олардың 1 мыңнан астамы «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға түскендер.

- Біз қазір экономикалық білімге баса назар аударамыз. Осыған байланысты, Қазақстанда интеллектуальдық мектептер желісі құрылған, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен әлемдік деңгейдегі халықаралық - Nazarbaev University ашылған, - деп атап өтті Нұрлан Нығматулин.

Өз кезегінде Кэролин Браун Қазақстанның қазіргі даму қарқыны болашақта алдыңғы 24 елдің қатарына кіруге мүмкіндік беретініне сенім білдірді.

Екі жақ аймақтық қауіпсіздік жағдайларын сөз еткенде, Қазақстан мен Ұлыбританияның ұқсас үрдістерін назардан тыс қалдырмады. Әңгіме барысында Мәжіліс спикері Ауғанстанның қауіпсіздігіне ықпал ету мақсатындағы Халықаралық күш операциясына жұмылдырылған мемлекеттік мүліктер мен әскери қызметкерлерді тасу мәселелеріндегі екі елдің өзара қимыл-әрекетін де сөз етті. Осы орайда Елші жүргізілген жұмыстарға жоғары баға бере отырып, өз ризашылығын жеткізді.

Кездесу барысында парламентаралық әріптестікке ерекше көңіл бөлінді.

- Біз үшін британдық әріптестеріміздің реформаларды заңнамалық қамту тәжірибелері назар аударарлық,- деген Мәжіліс Төрағасы одан әрі қазақстандық-британдық парламентшілердің ықпалдастығы екі мемлекеттің қарым-қатынасын дамытудың берік іргетасына айналатынын қадап айтты. Осы мақсатта Қазақстан мен Ұлыбритания парламенттерінде ынтымақтастық жөнінде топтар құрылған.

Жүздесу соңында парламентаралық топтардың ынтымақтастығын қарқынды етудің нақты қадамдары туралы келісімге қол жеткізілді.

Соңғы жаңалықтар