Наннан тарықпаймыз, тіпті 8 млн. тонна астықты экспортқа шығаруға да қауқар жетеді - АПТАЛЫҚ ШОЛУ
Мәселен, Астық жөніндегі халықаралық кеңестің қыркүйектегі есебіндегі 2012-2013 маркетинг жылындағы әлемдік астық түсімінің болжамы өткен маусымға қарағанда 38 млн. тоннаға кеміп, 657 млн. тонна көлемінде белгіленді. Соның салдарынан шілде қарағанда бірқатар тауар биржаларында бидай бағасы біршама көтерілді. Атап айтқанда Чикаго биржасында 21, АҚШ, Париж биржаларында 33 долларға көтеріліп, қазанның алғашқы онкүндігінде сәйкесінше 319 және 337 долларға жетті. Елімізде де баға өсімі байқалып, шілдеге қарағанда астық бағасы 155 доллардан 280 долларға жетті. Қара теңіз порттарында 270-тен 350 долларға бір-ақ көтерілді.
Әлемдік нарықтағы астық бағасының шарықтауынан-ақ республика ішінде нан өнімдерінің бағасы көтеріліп кетеді-ау деген күдіктің де құлағы қылтиғаны рас. Дегенмен осы аптада Премьер-Министр Серік Ахметовтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында бұл күдік сейілді. Аталған алқалы жиында республикадағы астықтың түсімі, оның әлемдік нарықтағы бағасы жайында сөз болған еді. Осы жайт бойынша баяндама жасаған ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы Евгений Аманның атап өтуінше, қазіргі таңда республикада дәнді дақылдарды бастыру жұмыстары толығымен аяқталды десе де болады. 15 млн. гектар астық алқабы орылып, бастапқы салмақта 14 млн. тонна бидай бастырылды. Облыс әкімдерінің ауыл шаруашылығы басқармалары берген алдын ала мәліметтері бойынша ағымдағы жылы таза салмақта 12 млн. тонна астық алынады деп күтілуде. «2012 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша өткен жылдан қалған 9,8 млн. тонна астықты есепке алғанда көрсетілген көлем ішкі нарықты толығымен қамтамасыз етуге және экспортқа шамамен 8 млн. тонна астық шығаруға жеткілікті», - деді Е.Аман.
Оның атап өтуінше, қазіргі уақытта келесі көктемгі егістік жұмыстарына тұқым дайындау жұмыстары да қолға алынып үлгерген. Алдын ала мәліметтерге сәйкес 49,5 мың тонна тұқым тапшы болмақ. Яғни Ақтөбе облысына 20 мың, Павлодар облысына 1,5 мың, астықты өңір Қостанайға 28 мың тонна тұқымдық бидай қажет. Ал ол мемлекеттік тұқым қоры есебінен толықтырылмақ. Мұндай тапсырма Азық-түлік корпорациясына беріліп те үлгеріп, тұқым қорын қалыптастыру жұмыстары басталып та кетті.
Әлемдік нарықтағы астық құнының шарықтауына орай республика ішінде нан бағасының көтерілуіне жол бермеу бағытындағы жұмыстар да ағымдағы жылдың 1 тамызынан-ақ жолға қойылған болатын. Ауыл шаруашылығы министрлігі, әкімдіктер, «ҚазАгро» ұлттық холдингі арасында қол қойылған меморандум аясында тоннасы 28 мың теңгеден Азық-түлік корпорациясы қорынан өңірлерге 1,3 млн. тонна астық жеткізу жүзеге асырылуда. Қазірдің өзінде аймақтарға 247,4 мың тонна астық жөнелтілді. «Қабылданған шаралардың арқасында республиканың барлық өңірлерінде ұн тартатын кәсіпорындардан босатылатын ұнның бағасын меморандумда белгіленген деңгейде ұстап қала алдық. Сонымен қатар тамыз-қыркүйек айларының қорытындысы бойынша Атырау облысы бөлінген азықтық астықтың тек 21, Маңғыстау облысы 55, ал Жамбыл облысы 80 пайызын алды», - деді Е.Аман.
Жауапты хатшының сөзіне қарағанда, «Қазагромаркетинг» АҚ мәліметтеріне сәйкес 1 сортты бөлке нанның бағасы 39 бен 58 теңгенің аралығында. Меморандумға сәйкес шекті бағадан бөлшек саудадағы нан бағасының асып кетуі Ақмола, Жамбыл, Маңғыстау облыстарында 3 теңге, ал Шығыс Қазақстан мен Батыс Қазақстан облыстарында 2 теңге көлемінде бекітілген. Осы ретте Үкімет басшысы С.Ахметов мемлекеттік ресурстарға астық сатып алу жұмыстарын жергілікті атқарушы органдар тыңғылықты орындау қажеттігін ескерте келе: «Бірінші сұрыпты ұн мен әлеуметтік нан бағасының тұрақтылығын жіті қадағалап отыру қажет. Бұл өңірлердің тікелей міндеті әрі жауапкершілігі. Барша институттар, Ауыл шаруашылығы министрлігі осы бағытта қолдау көрсетеді»,- деді.
Айта кетерлігі, АШМ жауапты хатшысы қазіргі кезде Азық-түлік корпорациясы азық-түлік қорын жаңарту үшін мемлекеттік ресурстар аясында астық сатып алуды жүзеге асырып жатқандығын еске салды. «Нарықта астық бағасының күрт өсуін ескере отырып, Үкіметтің қаулысымен тоннасын 40 мың теңге деңгейінде сатып алу ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін тартымды болмай отыр. Осыған байланысты жоспар бойынша астықты толық көлемде сатып алуға қауіп туындауда. Бұл тұрғыда мемлекеттік азық-түлік қорын жаңарту үшін астықты сатып алуды қамтамасыз ету бойынша жергілікті жерлерде әкімдіктерден қолдау көрсетуді сұраймыз», - деп атап өткен Е.Аман құрғақшылық салдарынан егістік алқаптары күйіп кеткен диқандарға сақтандыру өтемақы беру жұмыстарының қолға алынғандығын ескертіп өтті.
Айтпақшы, Үкімет жиынына қатысқан Қазақстанның Астық одағының президенті Нұрлан Тілеубаевтың сөзіәне қарағанда, 2012-2013 маркетингтік жылдары Қазақстан экспортқа 4,5 млн. тонна бидай және 1,8 млн. тонна ұн шығарады. «Меніңше, Қазақстанда маусым-шілде-тамызда экспорттың жандануы болады. Бидай күйінде экспортқа 4,5 млн. тонна және 1,8 млн. тонна ұн шығарылады. Яғни, астық эквивалентінде бұл шамамен 2,3 млн. тонна. Барлығын есептегенде 6,5-7 млн. тонна болады», - дейді ол.
Алдағы уақытта ӘКК-лар аяғын нық баспақ
Осы отырыс аясында «Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды дамыту тұжырымдамасын мақұлдау туралы» ҚР Үкіметі қаулысының жобасы таныстырылды. Аталған құжатқа байланысты Үкіметтегі әріптестері алдында баяндама жасаған ҚР Экономикалық даму және сауда министрі Ерболат Досаевтың айтуынша, ӘКК-лардың инвестициялық компания ретінде негізгі мақсаты басқару арқылы активтердің құнын ұлғайту болып табылады. Осы мақсаттарға жету үшін ӘКК-лардың алдына өңір экономикасының басым секторларында (өсу нүктелері) бәсекеге қабілетті өндірістердің жаңаларын құру және қолданыстағыларын жаңғырту, мемлекеттік активтерді іскерлік айналымға тартуды қамтамасыз ету, проблемалық активтерді сауықтыру және олардың базасында бәсекеге қабілетті өндірістерді дамыту, алдыңғы қатарлы өндірістік және басқарушылық технологиялар мен стандарттарды енгізу, бюджеттен тыс инвестицияларды тарту, бизнестің экономикалық белсенділігінің өсуіне, инновацияларды дамытуға және технологиялық жаңғыртуға (технопарктер, АЭА, бизнес-инкубаторлар, инвесторларға қызмет көрсету орталықтары және т.б.), соның ішінде оператор функцияларын атқару арқылы жәрдемдесу, шағын және орта бизнестің кластерленуіне жәрдемдесу, компания қызметінің шеңберінде бизнеске қаржылай емес қолдау көрсету, бизнес-жобаларды іске асыру үшін мемлекеттік даму институттарымен ынытмақтастықты кеңейту, портфельдік компаниялар арасында коммуникацияны және тәжірибе алмасуды дамыту, ішкі және сыртқы нарықтарда өнімдерді белсендірек ілгерілету үшін өнімдерді брендтеуге жәрдемдесу міндеттері жүктеледі. «ӘКК-лар жеке сектор орналаспаған немесе жеткіліксіз орналасқан кеңістікте тиімді жұмыс істеп, бизнестің дамуын ынталандыруы және оның өсуі үшін жағдайлар жасауға, яғни корпорацияларда бизнес-ұйымдастырушы рөлін атқару тиіс», - деді ол.
Оның атап өтуінше, аумақтарды дамыту бағдарламасы ұлттық және халықаралық нарықтарда дұрыс жайғастыру үшін бәсекелестік артықшылықтарын, өңірдің өсу нүктелерін айқындайды. ӘКК инвестициялар мен күш-жігерді біріктіре отырып, бизнестің өсу нүктелерінде даму қарқынын береді. Сонымен қатар ӘКК-лар қызметіндегі маңызды қағидаты әлеуметтік жауапкершілік болып табылады.
Министрдің атап өтуінше, жергілікті атқарушы органның бірінші басшысы ӘКК-лардың қызметі қорытындыларына жеке жауапты болып, корпорация қызметінің қорытындылары бойынша жыл сайын ҚР Үкіметі алдында есеп береді. Ал тұжырымдаманы жүзеге асыру қорытындысы бойынша бәсекеге қабілетті жаңа өндірістерді құру, өңірлерде жұмыс орындарының санын ұлғайту, берілген және жаңадан құрылған ұйымдардың өнімділігін жоғарылату, өндірісті дамыту және қосылған құны жоғары экспортқа бағдарланған отандық өнімді сату нәтижелеріне қол жеткізіледі. «Біртіндеп бәсекеге неғұрлым қабілетті және қаржылай тұрақты компаниялар жарғылық капиталдағы үлесін (акциялар пакеттері) іске асыру жолымен оларды әрі қарай бәсекелестік ортаға беру үшін іріктелетін болады», - деді министр.
«2014 жылы барлық әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар жұмыстың шығынсыздығы деңгейіне шығуы қажет. Бұл облыс әкімдері тікелей жауап беретін маңызды аспект. ӘКК басшыларын қайта тағайындауға байланысты мәселені қайта қарау қажет», - деп жобаға байланысты өз ойын білдірген Үкімет басшысы ӘКК-лар өңірлерде небәрі 2 жылдың ішінде ғана шынайы жұмыс істей бастағандығын, өйткені бұл көшпелі кезең 2014 жылға дейін жалғасатынын баса айтты. «Келесі кезең 2015-2020 жылдары аралығындағы бесжылдық болады. Сондықтан да менің ойымша, жаңа тұжырымдаманы ескере отырып көшпелі кезеңде ұлттық компаниялар мәртебесін сақтау қажет», - деді С.Ахметов.