Назарбаев Университетінде шағын және орта кәсіпорын басшылары біліктіліктерін жетілдіріп жатыр
деп хабарлайды жоғары оқу орнының Коммуникация және маркетинг департаменті.
Оқыту «Бизнестің жол картасы - 2020» мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде өтіп жатыр. Назарбаев Университеті 2011 жылдан бастап кәсіпкерлерді оқыта бастады.
Биыл бағдарламаға 420 студент қатысып отыр, бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда екі есе артық. Бағдарлама бойынша оқыту Назарбаев Университетіндегі үш күндік модульден басталды. Осы модуль аяқталған соң, бірнеше аптадан кейін заңнама, қаржы, консалтингтік қызметтер саласындағы қазақстандық сарапшылармен бірнеше вебинарлар өткізілетін болады.
Аталған жоғары сапалы оқыту бағдарламасы бизнес саласында білім беру және мәнді нәтижеге жеткісі келетін қазақстандық кәсіпкерлер мен шағын және орта кәсіпорындар басшыларына көмек көрсетуге бағытталған. Осы бағдарламаны әзірлеу жұмыстары мен сабақ беруді Дьюк Университетінің (АҚШ) Duke Corporate Education-ның оқытушы-профессорлар құрамы Назарбаев Университетімен ынтымақтастықта 5-6 ай ішінде жүзеге асыратын болады.
Қатысушыларға толық нарықтық бизнес-жобаны жазу үшін үлгі ұсынылады. Әрбір жұмыс бойынша оқытушылардан қорытындыларды алған соң, қатысушылар егжей-тегжейлі бизнес жоспарды жасаулары тиіс. Ең үздік бизнес жоспар әзірлеген кәсіпкерлер 2013 жылы қазан айында оқудың аяқталуына байланысты салтанатты рәсімде өз жұмыстарын әділқазыларға табыс ететін болады.
Шағын және орта бизнестің топ-менеджментін оқытуды қаржыландыру «Бизнестің жол картасы - 2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде «Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның, сондай-ақ «Ernst & Young» халықаралық компаниясының қолдауымен жүзеге асырылып отыр.
«Біз 21 ғасырда Қазақстанның әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан дамуына басшылық ететін іскери көшбасшылар мен кәсіпкерлердің біліктілігін арттыруды мақсат тұтамыз. Шағын және орта кәсіпорын басшыларының біліктілігін арттыру бағдарламасы кәсіпкерлерге түрлі құралдар мен мүмкіндіктерді бағалауға, коммерциялық негіздемені анықтауға қажетті стратегияны ұсынады, сондай-ақ жаңа жобаларды бастауға қажетті сенімділікті күшейтеді», - деді Назарбаев Университетінің Жоғары бизнес мектебінің Деканы Рамон О'Каллахен.